Хайуанаттар бағы альпака ламалары және камерун ешкілерімен толықты
Қарағанды хайуанаттар бағына жаңа жануарлар (альпака ламалары мен камерун ешкілері) қоныстандырылды. Камерун ешкілері Қытайдан, альпака ламалары Чехиядан әкелінген, біздің хайуанаттар бағына келмес бұрын олар Алматыда 21 күндік карантиннен өткен.
– Бізге бұл жануарлар өткен жұмада келді. Жастары бір жылдан бір жыл үш айға дейінгі аралықта. Біз алты альпака сатып алдық: төртеуі ұрғашы, екеуі еркек. Әзірге оның үшеуі жеткізілді, тағы үшеуі жақын арада келуі керек, – дейді Қарағанды хайуанаттар бағының директоры Гүлнәр Адамбекова. – Альпака біздің климатқа бейімделген. Қазір біз оларға қоректерін таңдап жатырмыз. Бұл ламалар даладан келген, мүмкін, олар түрлі шөппен қоректенген шығар, қазір біз оларға шөп пен тағам таңдап жатырмыз. Жаңа тұрғындарға шикі сәбіз бен қызылша ерекше ұнады, кебек пен аралас жем де ұнады. Бұлар – өте таза жануар. Біздің қонақтар оларды жақсы көріп кетеді деп ойлаймын. Олар адамдардан қорықпайды және қолдан тамақ жейді. Біздің хайуанаттар бағында альпака болған емес. Гуанако ламасы бар, бірақ ол – басқа түр, Қырғызстанда кездеседі. Бізде бір ғана аналық қалған, ол қартайды. Камерун ешкілері де болған жоқ, олар арнайы тағам жейді. Бұл ешкілердің ерекшелігі – олар кішкентай және ауа райы жағдайларына ерекше бейімделген: ыстық пен суыққа төзімді. Хайуанаттар бағының көрсеткіші – жақсы тамақ пен жақсы күтім. Ал күтімге жататын нәрсе – уақытында тазалау, уақытында суару, уақытында тамақтандыру және жануарлардың жағдайын бақылау.
Гүлнар Адамбекова хайуанаттар бағын жаңа жануарлармен толықтыру жоспарлары туралы да айтты:
– Біз көптеген хайуанаттар бағымен әлі де келіссөз жүргізіп жатырмыз, артық жануарларын беруін сұрап барлығына хат жібердік. Бізге тәжді тырна, қызыл тотықұс, сондай-ақ бізде жоқ қара барыс, маймылдар керек. Бізде бар жалғыз жануарларға жұп қосу қажет. Олар жұптасуы тиіс, өйткені жұпсыз жануарлардың жабық жерде өмір сүруі өте қиын және жануарлар көбеюі керек. Хайуанаттар бағында жануарлардың басқа түрлеріне айырбастау үшін айырбас қоры болуы керек. Таяуда бізге осындай айырбастау арқылы қара аққулар келуі тиіс. Оларды біз бұғылар жұбына айырбастадық. Түйені беларусь бизонына айырбастағымыз келеді. Ол көктемде мүмкін болады. Және тиін алуды да жоспарлап отырмыз. Осындай жұмыстар жүріп жатыр, біз биылғы жылды «жаңа тұрғындар сатып алу жылы» деген ұранмен өткізбекпіз. Осы орайда біраз жұмыс атқарылатын болады.