Головкинмен жұдырықтаспақ

Мамыр айының басында суперорта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы, мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасқан британиялық боксшы Джон Райдер (32-6, 18 КО) Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтты.

– Эдди Хирн маған бұл кездесу туралы айтты. Головкин – аңыз. Кейінгі 10 жыл бойы Головкинге жанкүйер болып келемін. Канело туралы да осындай пікірдемін.

Сәттілік мен жақта болса, жеңіске жетуім де мүмкін. Бұл жігітке деген құрметім шексіз. Ол көп жыл бойы спортқа қызмет етті. Менің ойымша, ол Канеломен алғашқы жекпе-жегінде (2017 жылы) әділ бағаланбады. Ол көп жыл бойы керемет спортшы болды, бірақ ең мықтылармен кездесіп, өзімді сынап көргім келеді. Сондықтан оған құрмет көрсете отырып, онымен рингіде кездессем, барымды саламын, – деді Райдер «Boxing Social» басылымына берген сұхбатында.

Айта кетейік, 6 мамырда Джон Райдер Гвадалахарада Сауль Альвареспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіліп қалды, ұпай көрсеткіші: 107:120, 109:118, 109:118.