География пәні мұғалімдерінің форумы

Қарағандыда екі жүзге жуық педагог алты бірдей пікірталас алаңында география пәні бойынша білім берудің өзекті мәселелерін талқылады. Өңірлік география мұғалімдерінің форумына қатысушылар пән мазмұны, біліктілікті арттыру және педагогикалық жобаларды іске асыру мәселелерін көтерді.

— Форумда мұғалімдер өздерінің әдістемелік өнімдерін, тақырыптық макеттерін, облыстық «Зейін», «Geoinfo навигатор» және «Туған өлке сырлары» жобаларының тапсырмалар жинақтарын ұсынуға мүмкіндік алды, — деді Қаныш Сәтбаев атындағы гимназияның география пәнінің мұғалімі Луиза Ганеева. — Форумда талқыланған өзекті мәселелердің бірі — орта буын үшін де, аға буын үшін де география пәні бойынша оқу бағдарламасының мазмұны. Сондай-ақ оқулықтар мазмұнындағы кейбір проблемалық мәселе талқыланды. Педагогтер өздерін толғандырған сұрақтарын ашық айтты. Мұндай кездесулер, форумдар өзекті деп санаймын. Олар білім беру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады.

Пленарлық отырыс соңында әрбір алаң спикерлері форумның қорытынды резолюциясына енгізілген ұсынымдарын ортаға салды.

— Сәуір айының басында Түркістанда география пәні мұғалімдерінің республикалық съезі өтті. Онда пәнді оқыту, кадрлар даярлау, сондай-ақ мұғалімдердің біліктілігін арттыру сынды өзекті мәселелер талқыланды, — деп атап өтті Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақыткүл Әбдікерова.

Білім басқармасы ұйымдастырған облыстық географтар форумы аясында қатысушылар география пәнінің мазмұнын жетілдіру және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту мәселелерін талқылап, облыстағы жобаларды іске асырудың негізгі нәтижелерімен танысты.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»