Филологтен мұражай басшысына дейін…
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының жетекшісі Бибігүл Құдабаева музейде 20 жылдан астам еңбек етеді. Дегенмен ол кісі мұражайға кездейсоқ келген екен. Бірінші мамандығы – филолог, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығында оқыған.
– Негізі, филологпін, бірақ өмірлік жағдайлар менің тағдырымды мүлде басқа арнаға бұрды. Мұражайға кездейсоқ келдім. Бұл жерде менің бала күнгі, студенттік кездегі досым Дана Сафарова жұмыс істеді. 90 жылдардан кейінгі қиын кезеңдерде ол маған музейде маркетолог болып жұмыс істеуді ұсынды. Ол кезде маркетинг барлық салаға белсенді түрде енгізілді, мұражайда маркетингілік технология секторы құрылды. Бастапқыда маркетолог ретінде толық емес жұмыс күнімен айналысқан мен бірте-бірте мұражай қызметі саласын зерттей бастадым. Және бұл мені одан сайын қызықтырып, сол күйі мұражайда қалдым, – дейді Бибігүл Сағынтайқызы.
Мұражайға 2000 жылы келген кейіпкеріміз ол жылдары мұражайда тыныш болғанын, көрмелер, негізінен, қордағы жұмыстардан құралғанын айтады. Қазіргідей сырттан келген көрмелер көп болмаған екен.
Ал бүгінде мүзейде көптеген түрлі қызықты жоба бар. Атап айтсақ, Александр Гехт әзірлеген «Мұражай арт-терапиясы», Елена Кондратьева жетекшілік ететін «Өнер» клубы, Айгүл Казимованың ұйымдастыруымен «Белсенді ұзақ өмір» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Достық» клубы, сондай-ақ дәстүрлі «Мұражайдағы түн» жобасы, онда музейдің барлық қызметкері тартылған, ал «Музей педагогикасы» жобасы аясында мұражай сабақтары, шеберлік сабақтары, суретшілермен шығармашылық кездесулер қамтылған, оларға Снежана Черкаева, Қайрат Блялов және т.б. қызметкерлер жұмылдырылған.
– Мұның барлығы ұжымның үйлесімді жұмысының арқасында іске асып жатыр. Сонымен қатар мақтануға тұрарлық. Айгүл Омарова әзірлеген ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған инклюзивті жобалар бар. Мұражайымыздың ғылыми қызметкерлері жазған көптеген мақаланың арқасында бүгінде мұражайымыз облыс түгілі, республикадан тысқары жерлерде де танымал. Бұл бөлімді Мейрамгүл Елубаева жүргізеді. Мұражайдың қор жұмысы туралы айтпай кету мүмкін емес, өйткені қорлар мұражайдың жүрегі саналады. Қор жұмысы көзге көрінбейді, бұл жұмысты бас сақтаушы Дәмелі Қадырқұлова және ғылыми қызметкерлер Дамир Буранбаев пен Айгүл Казимовалар басқарады. Көптеген жобаның негізін қор заттары құрайды, – деп айтты кейіпкеріміз.
«Мұражай қызметкерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?» деген сұрағымызға Бибігүл Сағынтайқызы былай жауап берді:
– Жұмыс тәжірибемнен айтайын, мұражайда тек ынталы, шығармашыл адамдар қалады. Мұражайымыздың ерекшелігі – ішкі мәдениетті, эстетикаға деген сүйіспеншілікті, сұлулықты сүюді, түс сезімін және т.б. қасиеттерді болжайды. Өйткені әсем өнер туындыларының ортасында жұмыс істеп, мұндай сұлулыққа бейжай қарау мүмкін емес. Сонда да әрбір көркем шығарма – өз тағдыры мен тарихы бар тұтас бір әлем және авторының өмірі. Сондықтан мұражайдың ғылыми ұжымында көркем білімі бар адамдардан бөлек осының бәріне қызығушылық танытатын тарихшылар да бар. Бірақ осы аталған қасиеттер ғылыми шығармашылық қызметкерлерде ғана емес, сонымен қатар шығармашылық емес қызметкер бойында да болуы керек. Өйткені біздің әрбір қызметкеріміз – музейдің қайталанбас бет-бейнесі, мейлі ол есепші немесе кассир, көмекші немесе қараушы болсын. Команда кішкентай, бәрі көрінеді, бәрі келушілермен тығыз байланыста болады. Адамдар бізге қайтып келуге ынталы болуы үшін, әркім өз жұмысын жақсы атқаруы керек. Сондықтан біз кадр таңдауда барлығын ескеруге тырысамыз: сыртқы келбетінен, дикциясынан бастап келушілердің кез келген контингентімен тіл табыса білуіне дейін.
Мұражайда техникалық мәселеден шығармашылыққа дейін көптеген мәселе баршылық. Алайда оларды шешуге облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы көмектеседі. Басқарма әр түрлі жобаға, шығармашылық идеяларға немесе жөндеу жұмыстарына қаржылық қолдауда және жаңа жұмыстарды сатып алуда да қол ұшын беріп жатыр екен.
Сөз соңында мұражай басшысынан келер жылғы жоспар жайлы бөлісуін сұраған едік.
– Келер жылы қаламыздың 90 жылдығы және Қарағанды Суретшілер одағының құрылғанына 60 жыл толады. Әрине, іс-шаралардың барлығы дерлік осы даталарға байланысты болады. Латвиялық суретші Валентин Даниленкомен көрме өткізу туралы келісім бар, ол өзінің көптеген қызықты туындыларын мұражайға сыйға тартты. Біз павлодарлық суретші Светлана Кравченконың көрмесін жоспарлап отырмыз. Жоспар көп, жыл біз үшін де, құрметті келушілеріміз, өнерсүйер қауым және мұражай достары үшін де жемісті болады деп сенеміз, – дейді Бибігүл Құдабаева.
Олай болса біз де мұражай басшысы мен ұжымына сәттілік тілейміз, қызықты әрі танымды көрмелер көп болады деген сенімдеміз.