«ФИГАРОДАҒЫ» «НАБЛЮДАТЕЛЬ» КІМ?

«1930 жылдардың бірінші жартысына дейін Францияның «Фигаро» газетінде Әлихан Бөкейханның мақалалары жиі жарияланып келген» деген тың дерек бар. Бірақ әлі дәлелсіз. Бұл туралы ғалым Сұлтанхан Аққұлының зерттеулерінен білдік. Алаш көсемінің тоғыз тіл білгенін ескерсек, илануға болады. Әлі де болса «Фигаро» жайлы дерек нақты расталып, зерттеудің нәтижесін көргеніміз жоқ. Алайда «Бір ғалымға ұқсап бағып» өзіміз зерттеп көрдік. Қорытынды – мынау.

 Зерттеу нысаны – газет. Ал шетелдің газетін табу өзіміздің газетімізді іздеуден әлдеқайда оңай. Себебі олардың барлық газеті дерлік цифрланған. Яғни, ғаламторға жүктеліп, PDF нұсқасы жарияланған. «Фигаро» газетінің 30-шы жылдардың бірінші жартысына дейінгі сандарын табу қиынға соқпады. Тапқанмен шаруа бітпейді. Ең басты кедергі – тіл. Бірақ оны да аттап өтуге болады. Адамның интуициясы мен логикасы мықты болса тіл екінші орынға түседі. Оған қоса француздың он шақты сөзін білетініміз бар. Бұл да шама-шарқынша бізге көмектесті.

«Фигаро» жайлы әңгіме қайдан шықты? Жоғарыда Сұлтанхан Аққұлының зерттеулерінен білдік деп айттық. Ғалым бұл туралы Сырым Бөкейханнан естіген. Сырым Бөкейханға Әлиханның қызы Елизавета айтқан екен. Айтуларынша, Әлихан «V» бүркеншік есімімен жарияланып келуі мүмкін. Себебі, бұл бүркеншік есімді Алаш көсемі Столыпиннің кезінде жиі қолданған.

Жалпы өзі Әлиханның қанша бүркеншік есімі болған? Зерттеуді бастамас бұрын бүркеншік есімдерді тізіп көрейік. Олар мыналар: «Ә.Н.», «Қыр ұғлы» немесе «Қыр ұлы», «Қыр баласы», «Қ.Б.», «Ғали хан» немесе «Әли хан», «Ғ.Б.» немесе «Ә.Б.», «Арыс ұлы», «Түрік баласы», «Қалмақбай» және «V». Бұл ана тілінде қолданған есімдер. Ал орыс тілінде мұнан да көп есімдерді қолданған екен. Олар: «А.Н.», «Сын степей», «Туземецъ», «V», «А.Б.», «Статистикъ», «Киргизъ-кайсакъ», «Алиханъ» немесе «Ал. Кочевникъ», «Мусульманинъ», «Киргизъ», «Степнякъ», «К.Степнякъ» немесе «Киргизъ-степнякъ». Сондай-ақ, көпшілікке беймәлім «Обыватель», «Наблюдатель», «Читатель», «Уакъ» және «Н.Ш.» есімдері де бар.

Алдымызда Әлихан қолданған бүркеншік есімдердің тізімі бар. Енді осы тізім бойынша түн ішінен күн іздеу ғана қалды. «Фигаро» күнде шығатын газет екен. Яғни бір жылда 365, бес жылда 1825 санды қарап шығуға тура келді. Өзі 12 беттік газет. Бірінші бетінде аңдатпа, саясат, екінші бетінде еркін тақырыптағы мақалалар, үшінші беті әдебиет, әрі қарай театр, кино, спорт, жарнама. Бір байқағанымыз, газет көбіне Франция, Англия және Германияның саяси өмірі жайлы мәселелер көтереді.

Көбіне бүркеншік есімдерге назар аударып отырғандықтан, «Капитан Х», «Черная маска», «Подполковник» есімдері кездесті. Сондай-ақ, «The Watcher» бүркеншік есімі көзімізге оттай басылды. Мақала – французша, бүркеншік есім – ағылшынша. «The Watcher» ағылшын тілінен аударғанда «бақылаушы» деген мағынаны білдіреді. Ал «бақылаушыны» орыс тіліне аударсақ «Наблюдатель» деген сөз шығады. Жерден жеті қоян тапқандай қуандық. Алайда…

Мақала ағылшын саяси элитасы жайлы. Қазақ һәм Кеңес одағы жайлы емес. Әлихан Бөкейханның еңбектерін қайтадан ақтарып шықтық. Әлихан жайлы аз білетінімізге ұялдық. Еуропа мәдениеті мен саясаты жөнінде жазылған еңбектері жетерлік. Оның ішінде Англияға қатысты мынадай мақалалар бар:

1) Қыр баласы. Англия Еуропа соғысына неге кіріскен? «Қазақ» газеті (№79, 1914 ж.,), Самар қаласы.

2) Қыр баласы. Уильям Рамзай – ағылшын химигі. «Қазақ» газеті (№191, 1916 ж.,), Петроград.

Мәселен Уинстон Черчилль жайлы мақаласында былай жазады: «Осы Сентәбір басында Лондонда көп адам жиылған жерде Англия соғыс министрі Шершил мынаны сөйледі…». Бұл сөзден автордың сол жиында өзі де болғанын білдіреді. «Сөйлеген екен» деп тұрған жоқ, «сөйледі» дейді. Болмаса, «Шершилден кейін мұның партиясына қашаннан қарсы партия кісісі Смит сөйледі» дейді. Бұл жерде де сондай жағдай.

Сондай-ақ, Әлиханның шетел газеттеріне жиі шолу жасап отырғанын білеміз. Соның ішінде Англияны да тілге тиек етеді.

Ал Францияға қатысты «Сауда (Франция астанасы Парижде бір сотта айтылған билік турасында). «Ақжол» газеті (№409, 1924 ж., 2-3 бет), Орынбор)» мақаласы бар.

Яғни бұл дегеніміз Әлихан Еуропа мәдениетінен алыс болмағанына дәлел бола алады. Ал «Наблюдатель» есіміне келетін болсақ, бұл бүркеншік есіммен жазған Әлиханның «Движеніе переселенцевъ въ Акмолинкую область за 1906 годъ. «Иртышъ» газеті (№20, 1906 ж., 10 тамыз). Омскъ» мақаласы бар.

«The Watcher» яғни «Наблюдатель» бүркеншік есімі басқа біреуге де тиесілі болуы мүмкін ғой?» деген заңды сұрақ туындайды. Мұны да зерттеп көрдік. Бұл есім ешқандайда белгілі тұлғаның ғұмырбаянынан таппадық.

Сонымен «The Watcher» бүркеншік есімімен 20-ға тарта мақала таптық. Автор 1930-32 жылдары жиі жарияланып келген екен. Бір байқағанымыз, мақаласы айына екі рет жарық көріп отырған. «The Watcher» «Фигароның» ешқандай да меншікті һәм өз тілшілері емес. Айына екі рет мақала беретін қандай тілші ол? Автор саясат пен мәдениет жайлы жетік білетін тұлға. Әрбір бүркеншік есім мақалаға байланысты қойылады. Сыни мақала болса, соған сәйкестендіріліп қойылатыны белгілі. «The Watcher» яғни «Наблюдатель»-дің мақаласын оқып отырсаңыз, сырттан ғана бақылап жазып отырғандай әсер қалдырады.

Біз тапқан мақалалардың тізімі мынау:

1) Наблюдатель. Лондон Жаңа жылды қалай қарсы алды? 1930 ж., 6 қаңтар. 2-бет. (Бір қызығы, бұл мақала У.Черчилльдің мақаласымен қатар жарияланған).

2) Наблюдатель. Қаңтар кезіндегі Лондон. 1930 ж., 29 қаңтар. 2-бет.

3) Наблюдатель. Ақпан кезіндегі Лондон. 1930 ж., 10 ақпан. 2-бет.

4) Наблюдатель. Ақпан кезіндегі Лондон. 1930 ж., 22 ақпан. 2-бет.

5) Наблюдатель. Лондон қоғамы. 1930 ж., 24 наурыз. 2-бет.

6) Наблюдатель. Рамазан айындағы Лондон. 1930 ж., 13 сәуір. 2-бет.

7) Наблюдатель. Маусым алдындағы Лондон. 1930 ж., 21 сәуір. 2-бет.

8) Наблюдатель. Лондон жазы. 1930 ж., 13 шілде. 2-бет.

9) Наблюдатель. Лондон маусымының соңы. 1930 ж., 1 тамыз. 2-бет.

10) Наблюдатель. Лондон маусымы. 1930 ж., 11 тамыз. 2-бет.

11) Наблюдатель. Тамыз кезіндегі Лондон. 1930 ж., 22 тамыз. 2-бет.

12) Наблюдатель. Англия колония қоғамы. 1930 ж., 18 қыркүйек. 2-бет.

13) Наблюдатель. Маусымды күтеміз. 1930 ж., 19 қыркүйек. 2-бет.

14) Наблюдатель. Лондон күзі. 1930 ж., 29 қазан. 2-бет.

15) Наблюдатель. «Кіші маусым». 1930 ж., 28 желтоқсан. 2-бет.

16) Наблюдатель. Жаңа жыл. 1931 ж., 19 қаңтар. 2-бет.

17) Наблюдатель. Лондон. 1932 ж., 6 қаңтар. 2-бет.

Енді Сырым Бөкейханның тұспалына келейік. Оның айтуынша, Әлихан «V» бүркеншік есімімен жарияланып келуі мүмкін. Автор «мүмкін» деп тұр. Дегенмен «V» бүркеншік есіміне қатысты үш мақала таптық. Біріншісі, 1931 жылдың 2 ақпанында жарияланған «Герцог Вандом» атты мақала. Бірақ, газет ескі болғандықтан автор қай әріпте қол қойғанын білмедік. Бұл не «V» болмаса «Y» болуы мүмкін. Екіншісі, 1930 жылдың 3 наурызында жарияланған мақалада «E de V» деп тұр. Үшіншісі 1930 жылдың 1 наурызында жарияланған «Гюгоға хат» атты мақаланың астына «V» деп қойған. Алайда, редакция: «Хат 1835 жылы жазылған» деген анықтама беріп қойыпты. Ал Әлихан Бөкейханның 1866 жылы дүниеге келгенін ескерсек, бұл мақала оған тиесілі емес.

Әзірге жасаған шаруамыз – осы. «Фигаро» газетіне сауал жібергенмен, олардан жауап жоқ. Себебі де белгілі. Біз ешқандай ресми мекеменің һәм ғылым академиясының өкілі емеспіз. Мұны «Әлихан. «Фигаро» тақырыбына жасалған бір ғана қадам деп түсінгейсіз. Бұл тақырыптың әлі де зерттелетініне сенімім мол. Тұспалымыз ақиқатқа айналса… Барлығы да мүмкін. Әлиханның Англияда өмір сүруі, Франция зиялы қауымымен араласуы… Бәрі де мүмкін. Әлиханның массондық ложаға мүше болғанын да ұмытпаңыз. Ғылымға көңіл бөлсе, талай шындық пен тың деректердің шығатыны белгілі. Ол күн де алыс емес.

Ерболат ҚУАТБЕК,

«QH»