Еуропа қазақтары ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш ашты

Қарағандыдағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіштердің қатары тағы бір сәулет өнерімен толықты. Оны Еуропа қазақтары өз күштерімен орнатқан. Қасіретті жылдардың нәубетін айна-қатесіз суреттеген тың туынды шаһардың орталық мешіті тұрған «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» аллеясында бой көтерген. Оған шетелдегі «Наурыз» қоғамдық ұйымының мүшелері мұрындық болып, жырақта жүрген қандастарымыз қаржы жинаған.

Таза гранит тастан қашалып жасалған ескерткіш халқымыздың басына түскен сол бір нәубетті кезеңдерді еске салады. Туынды бойынан төңкерілген қазан және оған сүйеніп отырған ер мен әйелдің бейнесін көруге болады. Қызылдар қырғынының қасіретін жеткізген бұл туындының авторы — қазір Германияда тұратын Жармұхамбет Тілеген. Шебер бұл үшін тарихи отанына арнайы келіп, мұнда алты ай тұрған.

Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш орнату идеясы Еуропаның әр түкпірінде тұратын қазақтарға тиесілі.

— Германияда біздің «Наурыз тобы» атты қоғамымыз бар. Бәрімізді ортақ тарих, жүрек сыздатар сезім біріктіреді. Сол жылдары үш миллионнан астам қазақ қайтыс болды, біздің ата-бабаларымыз ерекше қайғылы күндерді басынан өткерді. Өскелең ұрпақ бұл тарихи оқиға туралы білуі үшін ашаршылық туралы еске салатын ескерткіш орнатуды жөн көрдік, — дейді мүсінші Жармұхамбет Тілеген. — Мен бірнеше эскиз жасадым, біз олардың арасынан осыны таңдадық. Ескерткішті жасауға шамамен жарты жыл уақытымды жұмсадым.

Мүсінші өткен ғасырдағы қуғын-сүргін оның да отбасын айналып өтпегенін айтады. Оның әкесі өмір бойы түрлі елде жүрген. Оған басын аман алып қалу, ату жазасына ілікпеу үшін шетел кезіп жүруге тура келген. Сондықтан автор өткен ғасыр тарихының қайғылы сәттері жайлы хабардар.

— Мен мүсінде сол күндерді еске алған кездегі барлық эмоцияны жеткізуге тырыстым. Мүсін граниттен жасалған, тұғыр да гранитпен қапталған. Биіктігі 1,2 метр, — деді автор

Айта кету керек, өткендердің рухына тағзым етілген игілікті шараға Еуропада тұратын қандастарымыздан өзге елдің түкпір-түкпірінен ата-бабасы қасіретті жылдардың құрбаны болған жандар келді. Ескерткіштің орны кездейсоқ таңдалмаған.

Күн сайын мешітте дұға бағышталып тұрады. Ұйымдастырушылар мешіт жамағаты аштықтан қайтыс болған ата-бабаларының жаны үшін де дұға еткенін қалайды. Жиынға қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов:

— Бүгін — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, біз халқымыздың осы өшпес азабын мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш аштық, — деді. — Ескерткіш орнатуға бастамашы болған Еуропадан келген отандастарымызға зор алғысымызды білдіреміз. Бұл халық жадында қалатын қайғы символына айналады. Бәрімізге бейбіт аспан тілеймін, — деп лебіз білдірді.

Атап өткен жөн, халқымыз тарихта екі үлкен ашаршылықты басынан өткерді. Деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдар аралығында 1,5 миллион, ал 1931-1933 жылдары 2,5 миллионға дейін адам қырылған.

Расул МҰХАММЕД, «QH»