Ескі қала естеліктері

Соғыстан кейінгі жылдарда Қарағанды қаласында 4000-нан астам үй және 400-ге жуық әкімшілік, шаруашылық ғимараты, мектеп, аурухана, балалар мекемесі және басқа да мәдени-тұрмыстық нысан салынды. Қалалық шаруашылық комитеті қарамағында 6 монша, 100-ге жуық су бөгеті, 750 мың шаршы метр асфальт жол мен алаңдар, 13 көпір және басқа да көптеген коммуналдық шаруашылық нысаны болды.

Қарағандының Ескі қала аумағында сол кезде 180 мыңға жуық адам (көбіне Қарағанды бассейндерінің кеншілері) өмір сүрді. Ескі қала құрылысы қалыптасқан қалалық талапқа сай емес, онда саздан, ағаштан салынған бір қабатты ғимараттар және су құбырлары мен электроэнергия желілері сияқты тұрмыстық қажеттіліктермен қамсыздандыру күшейтуді талап еткен еді. Адам басына шаққанда, орта есеппен тұрғын үйдің пайдалы алаңы 3,6 шаршы метр болды. Мұнымен қатар мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету ғимараттары жетіспеді.

Қарағанды қаласында бірнеше жыл бойы тұрғындарға арналған жаңа шағынаудандар құрылысы тиімді жүргізілді. Жаңа шағынаудандарда байланыс нысандарының құрылысына бөлінетін қаржы толық бөлінбеді. Жаңа шағынаудандарда телефон байланысын күшейту мақсатында Облыстық атқару комитеті Байланыс министрлігінен бөлінген қаражат есебінен тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында Жаңа Майқұдықтың бірінші шағынауданында 3000 нөмірге арналған және екі шағынауданында 2000 нөмірге арналған АТС салуға шешім қабылдады.

Қарағанды қаласы тұрғындарына көрсетілетін коммуналды және мәдени-тұрмыстық қызметті жақсарту бағытында 1951 жылға арналған мынадай шаралар қабылданған:

– 1951 жылы Қарағанды көмір бассейнінің 180 мың шаршы метр кеңістігіне және Жаңа қаланың 30 мың шаршы метр кеңістігіне көпқабатты тұрғын үй салып, пайдалануға беру керек;

– 1951 жылдың үшінші тоқсанында 1000 адамға арналған Кеншілер мәдениет сарайын салып бітіру;

– 1951 жылы Пионерлер сарайын, Мәдениет үйі мен Спорт үйін, инженер-техник жұмысшы клубын, Облыстық мұражай мен кітапхана сала бастау қажет;

– 1951 жылы Жаңа қала мен кеншілерге қарасты кенттерде тұрғын үйлердің сыртқы келбетін, аулаларды жөндеуге; су құбыры мен санитарлық жолдарды ажыратуға; көшелерді көгалдандыру және шамдар орнатуға арналған шараларды бітіру;

– Ұзындығы 15 километрге жететін Саран су құбырын 1951 жылдың төртінші тоқсанында салып, пайдалануға беру;

– 1951 жылдың екінші тоқсанында Жаңа қалада ауқымы 2000 куб метрге жететін су құбырын салып, пайдалануға беру;

– Осы жылдың төртінші тоқсанында 7 шақырымға жететін Жаңа Майқұдық – Қарағанды Угольная және 5 шақырымға жететін №20 Шахта – Шахтинск ауданына дейінгі трамвай жолдарын салуды аяқтау; трамвай паркінің жөндеу базасын толықтай салып біту және паркті жиырма екі вагонды жаңа пойыздармен толықтыру;

– 54 шақырымға жететін асфальт-бетонды шоссе жолдарын салып, пайдалануға беру. Соның ішінде: Жаңа қала – №37 Шахта (5 км), Жаңа қала – №35 Шахта (7 км), Жаңа қала – Әуежай (6 км), Жаңа қала – Саран (21 км), Саран – Шерубай-Нұра (15 км); Жаңа қала мен шахтаға жататын жұмысшы кенттерде 50 шаршы метр көше, алаңдар мен тротуарларды асфальттау; 1951 жылы Жаңа қалада Үлкен Бұқпа өзеніне ірі 2 көпір салу;

– Жоспар бойынша 1951 жылы Көмір өнеркәсібі министрлігі құрылыс-жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты 25 млн сомға көбейту қажет, бұл – трамвай жолдарын, 4 жасанды көл, демалыс және мәдениет парктерін салу үшін жұмсалады.

Қарағанды көмір бассейнінің өнеркәсіп құрылысының бірыңғай тез дамуына байланысты 1955 жылы Қарағанды қаласы Қазақстан республикасының ірі өнеркәсіптерінің, әкімшілік және мәдени орталықтарының біріне айналды.

Қарағанды қаласында біршама жасанды жасыл көшеттер болғанымен, қаланы көгалдандыру, қала маңайын және орманды қорғайтын алқаптар жасау көшет материалдарының аздығымен шектелген.

1955 жылдың өзінде-ақ коммуналдық кәсіпорындар мен тұрғын үйлерді жөндеуге, салуға 100 млн сомға тарта қаражат жұмсалды. 30 мың шаршы метр тұрғын үй кеңістігі пайдалануға берілді. Қарағанды кеншілеріне арналған көптеген ғимарат салынып жатты, олардың құрылысына қомақты қаржы бөлінді.

Қарағанды қаласы – жас қалалардың бірі. Соңғы үш жылда қаланың жағдайын жақсарту бағытында көп жұмыс атқарылды. Жүздеген миллион сом магистральды су құбырларын тартуға және санитарлық жағдай жасауға, қаланы көгалдандыруға, жол құрылысына, көше мен жол жиектеріне асфальт төсеуге, тоқпен қамтамасыз етуге, жергілікті халықты телефонмен жабдықтауға бөлінді.

Қала мен қала маңайындағы елді мекендердің арасындағы көлік байланысы дұрыс жолға қойылды. Қарағанды су құбырын салуға 36 миллион сом қаржы бөлінді. Сонымен қатар қала ішінде су құбырлары көбейтілді. Сумен Жаңа қаланың жаңа ғана салынған үйлері, Жаңа Майқұдық үйлері және жұмысшы кенттер толықтай қамтамасыз етілді.

Қала автожолдарының ұзындығы 145 шақырымыға жетті. Соның ішінде 120 км-не асфальт төселді. Соңғы үш жыл ішінде жаңа технология бойынша жетілдірілген 87 шақырым жол салынды. Асфальтты-бетонды шоссе жолдары Жаңа қала мен Саран қалашығын, сондай-ақ жаңадан дамып келе жатқан Шерубай-Нұра ауданы мен №1 вертикальды шахтасын жалғап жатты. Шахталарға кіретін көптеген автожол салынды. Жаңа қаланың барлық көшесіне асфальт төселді. Қала ішіндегі тротуарлар ұзындығы 59,8 км-ге жетті, онын ішінде 39 километрі асфальтты болды.

Қалада көгалдандырылған жалпы жер көлемі 900 гектарды құрады, соның ішінде парк, көше, сквер мен бульварларға 241 гектар, ал аурухана, мектеп, балабақша және тағы басқа мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жерлеріне 676 гектар бөлінген.

Соңғы үш жыл ішінде көше, парк және қаланың жеке шағынаудандарында 8 500 мың көшет отырғызылды. Қарағандының климаттық жағдайы қатал болса да, арнайы күтім жасалған көшеттердің жақсы өскені байқалады. Қиындықтарға қарамастан қалада жеміс-жидек отырғызу жұмысы қарқын ала түсті. Жыл сайын көшелер мен алаңдарда, парктерде және бақшаларда гүлдер көптеп отырғызылды.

Қалалық көліктің қызметі жақсара түсті. Көптеген маршрутта 110 автобус жолаушы тасымалдап тұрды, бір жыл ішінде автопарк 72 жаңа көлік алды. Трамвай жолы 15 километрге ұзартылды. Трамвай жолдары арқылы күн сайын 87 вагон жүріп тұрды. Таксомоторлық парк қоры 19 машинаға молайып, көлік саны 49-ға жетті.

Тасжолдардың дамуына орай тұрғындар үшін аса қажетті бағыттарда қоғамдық көлік жүре бастады: Жаңа қала – Ақтас, Шерубай-Нұра – Долинка, Жаңа қала – Саран, Жаңа қала – Федоровка, Үлкен Михайловка станциясына, асфальт зауыты – 32-орам, Жаңа қала – №1 вертикальды шахта – Ескі қала. Яғни Қарағанды бассейнінің негізгі елді мекендері арасын байланыстырған жолдар арқылы автобустар үзіліссіз қатынап тұрды.

Темірғали АРШАБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы