Ескерткіш қайта жөнделді

Шахтерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында қаламыздың орталық саябағында орналасқан қаза тапқан кеншілер құрметіне орнатылған ескерткішті жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Бүлінген плиталар мен жазулар қайта жаңғыртылды.

Кеншілер рухына тағзым жасау мақсатында қойылған ескерткішті кең көлемде қалпына келтіру жұмыстары 2023 жылдың көктем айында жүргізілмек.

Айта кету керек, бұл кешен 2006 жылдың 25 тамызында ашылған болатын. Ол қаламыздағы шахтерлерге арналған ерекше ескерткіштер санатына кіреді.

Ескерткіш жарылыс салдарынан құлаған шахталық терриконниктен, металл конструкциялардан тұрады. Сырты қызыл-қоңыр гранитпен қапталған. Монумент стеласында көмір астында қалған шахтердің бейнесі сомдалған. Шахтер каскасының жанында бір жағы қоладан құйылған, қолында сәбиі бар әйел бейнеленген. Бұл жақынын, екінші жартысын жоғалтқан жанның қайғысын көрсетеді. Ал, сәбидің жүзін каска көмкеріп тұр. Мүсінші осы арқылы ұрпақтар сабақтастығын, әке жолын ұл жалғайтынын көрсеткен.