«Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін»

Ұлты неміс болса да, жастайынан Қазақ елінің қуанышына да, жұбанышына да ортақтасқан апамыз Спасск оқу-жаттығу полигонына қарасты әскери қалашықта тұрып жатыр. Қаршадай жасынан қару, сұрапыл соғысты көріп, тағдырдың қиын кезеңдерін басынан өткерген ақ жаулықты ана тоқсанның төріне келсе де, Разия Асанова – сеніміне селкеу түсірмей келе жатқан өнегелі жан. «Бейнеттің зейнеті бар» дегендей, әр сынақтың соңында бір жақсылық тұрады. Бүгінгі бейбіт күнде, бейбіт елде бостандықта бейқам өмір сүріп жүрудің өзі бір ғанибет емес пе!

Разия апамыз – шынында да құрметке лайық жан. Эльза Петровнаның қазақылап қойған есімі – Разия Асанова, Екінші дүниежүзілік соғыста туған жерінен кетуге мәжбүр болған жандардың қатарынан. Небәрі бес жасында Германиядан Қазақстанға жер аударылған бүлдіршін ата-анасынан айырылып, өзіне беймәлім жерде жаңа өмірін бастайды. Петропавл қаласында бір жыл ем алып, сол жердегі мейірбикемен бірге Қарағанды қаласындағы балалар үйіне келеді. Жат жерде өзін жоғалтып алмас үшін сол елге бейімделу керек екенін түсінген Эльза қазақ тілін небәрі 3 аптада үйреніп алған көрінеді. Жастайынан еңбекке құштар, кез келген істі дөңгелетіп әкететін жас қыздың жігері кімді де болсын таңдай қақтырары анық. Ширақ жанды кімнің де болсын ұнатары анық, осылайша Эльза апамыз да 19 жасында Төлеу атты азаматқа тұрмысқа шығады. Көкмөлдір жеріне келін болып түскен соң ислам дінін қабылдап, атасының атына өтеді. Разия Асанова ретінде жаңа өмірін бастаған жас қыз отбасын құрып, 5 баланы дүниеге әкеледі. Өкінішке қарай, жолдасы жеті жыл өткен соң 36 жасында қайтыс болады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, Разия апамыз болған жайтқа мойымай, бүлдіршіндерін жеткізудің жолын іздейді. Және ол қолынан келді деп толықтай айтуға болады. Қазір балалары аяқтанған, бір-бір маман иесі. Апамыздың бүгінде сегіз немересі, он сегіз шөбересі бар. Жолдасы майдан даласында ерлік көрсетсе, қос ұлы – әке жолын жалғаған әскери қызметкер. Әскери қалашықтағы ардақты әженің барша құрметке лайық екенін айтады мұндағылар.

12 мамырда аталып өтетін Аналар күні қарсаңында 91 жастағы Разия Асанованы «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметкерлері құттықтауға арнайы келген. Ақ тілегін жаудырып, құттықтауға асыққандардың бірі – 36352 әскери бөлімнің қызметкері, апамыздың немересі, сержант Жәнібек Асанов.

– Біз бүгін анамыздың, асыл әжемнің қуанышын ортақтасуға келдік. Эльза Петровна анама өмірдің мол қызығын тілейміз. Өмір бойы еңбек етіп, кәрілікке бой алдырмаған. Өзім әжеммен бірге тұрамын, 36352 әскери бөлімінде бөлімше командирімін. Өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа өнеге, ғасырға жуық ғұмыры бар қазыналы анамыздың қасымызда жүргені көңіл қуантады. Эльза анамызға деген құрмет пен қамқорлық тек мерекеде ғана емес, үнемі көрсетілуі тиіс, – дейді немересі Жәнібек Асанов.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,«QH»