Ермеков шәкіртақысы тағайындалды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті қазақтың тұңғыш математик-профессоры, «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі Әлімхан Ермеков атындағы шәкіртақы тағайындады. Атаулы стипендия иегері конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша анықталады.

Атаулы шәкіртақыны тағайындау «Әлімхан Ермеков және Қазақстанда мемлекеттіліктің қалыптасуы» халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясының қарарымен ұсынылды. Ол қоғамдық-саяси қызметте белсенді, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласында жоғары жетістіктерге жеткен және үлгерімі үздік студенттерге берілетін болады.

Оқу орны басшылығының мәліметінше, ай сайынғы төлем мөлшері 36 660 теңгені құрайды. Өтінімдер 25 қыркүйекке дейін қабылданады. Содан кейін комиссия үздіктерді таңдайды.

Оқыту нысаны бойынша шектеу жоқ. Шәкіртақы мемлекеттік білім беру гранты бойынша да, ақылы негізде оқитын студенттерге де берілуі мүмкін. Ол – университеттің бюджеттен тыс қаражатынан төленетін болады.

Ақзия Оразалиева