Ермағанбет Бөлекпаев Паралимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтады

Қарағандылық спортшылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова Париждегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды. Паралимпиадашылар мен олардың жаттықтырушыларын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.

Жүлдегерлерге бір бөлмелі пәтерлердің кілті мен 7 млн теңгеге ақшалай сертификаттар табысталды. Жаттықтырушылар 3 млн теңгеге ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Ермағанбет Бөлекпаев жаттықтырушылардың ерен еңбегін, ал спортшылардың жеңіске деген үлкен ұмтылысты мен жанқиярлығын атап өтті.

– Паралимпиадаға қатысу – бұл еңбек. Ал сіздер медаль жеңіп алдыңыздар. Ол дегеніміз тіпті батырлық. Сіздердің әрқайсыларыңыз барынша күш-жігерлеріңізді жұмсап, дағдыларыңызды ортаға сала отырып, еліміздің намысын абыроймен қорғап шықтыңыздар. Бүкіл Қазақстан, әсіресе қарағандылықтар сіздерді мақтан тұтады. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Жаттықтыруда орасан зор күш жұмсап, жанын берген бапкерлерге де рақмет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Дастан Мұқашбеков – халықаралық және республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Париждегі Паралимпиадада ол атудан үшінші орын алып, Азияның жаңа рекордын орнатты. Оның медалі – Қазақстан үшін Паралимпиада ойындарында осы спорт түрінен бірінші.

– Бұл жеңіске жету үшін мен өте ұзақ жолдан өттім. Бұл медаль мен үшін алтынмен тең. Сонша тер төгілді, еңбек еттім, жарақаттар болды. Ойындарда ауырсынуды басатын дәрілерді қабылдадым. Маған қолдау көрсеткен отбасыма, жаттықтырушыларыма, барлық қазақстандыққа рақмет! Менің күш-жігерімді бағалағаны қуантады, бұл маған әрі қарай жүруге серпін береді. Паралимпиадалық спортқа алғаш келгенімде, барлық әлем чемпионатында жетістікке жетуді мақсат еттім. Келесі Паралимпиада ойындарына қатысуға лицензия алып, сол жерде алтын алғым келеді, – деді Дастан Мұқашбеков.

Даяна Федосова параспортта жүргеніне 10 жыл болды. Парадзюдошы – әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері және әлемдік Гран-при чемпионы. Париждегі Паралимпиадада қарағандылық парадзюдода J2 санатында қола жеңіп алды.

– Ойын алдында ең бастысы – мойымау. Қанша жерден күшті және техникалық тұрғыдан мықты болсаң да, егер ішкі сенімсіздік болса, онда ештеңе өнбейді. Қазақстандық спорттың дамуына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Алда менде оңалту өтеді, өйткені біраз жарақат болды, өз уақытында тиісті назар аудармадым. 2025 жылы әлем чемпионаты болады, мүмкін сол жерде өнер көрсетемін. Барлық параспортшыға ешқашан берілмеуге, алға ұмтылуға, өзіңе және алдағы жолды өтетініңе сенуді тілеймін, – дейді Даяна Федосова.

Бұған дейін Париж Паралимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олардың жаттықтырушыларына мемлекеттік наградалар мен ақшалай көтермелеулер берілген болатын.

Биыл Қазақстан паралимпиадалық құрамасы 9 медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты, оның ішінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша