«Ерлік сабағы» – өскелең ұрпаққа өнеге
Кеңес Одағының Батыры Мартбек Мамраев атындағы «ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебі» РМКҚ Қарағанды филиалында 3-ші ағым шақырылушыларымен бірге Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтан шыққан тұңғыш әрі жалғыз әйел-ұшқыш, батыр, «қанатты қыз», Қазақстанның Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туған күніне арналған «Ерлік сабағы» өткізілді. Шараның басты мақсаты – жастарға батыр қыздың ерлікке толы өмір жолын таныстырып, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру.
Сабақ барысында қатысушыларға Хиуаз Доспанованың өмірі мен жауынгерлік жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар слайд арқылы қосымша мәліметтер беріліп, батыр қыз туралы жазылған кітаптарға шолу жасалды. Шақырылушылар Ұлы Отан соғысы тақырыбында қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Шара соңында соғыс жылдарында қаза тапқан боздақтарды еске алу мақсатында 1 минуттық үнсіздік жарияланды. Тәрбиелік мәні зор бұл «Ерлік сабағы» жастардың тарихи тұлғаларға деген құрметін арттырып, ел тарихын тереңірек тануына ықпал етті.
– Біздің басты мақсатымыз – жастарға Хиуаз Доспанова сынды батыр аналарымыздың ерлігін насихаттау. Өскелең ұрпақ тарихты біліп, елін қорғаған тұлғалардың өмірінен өнеге алуы қажет. Шақырылушылар белсенділік танытты. Бейнероликті қызығушылықпен көріп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар өз ойларын айтып, соғыс жылдарының ауыртпалығы туралы пікір алмасты. Мұндай шаралар жастардың патриоттық рухын көтереді. Батырларымыздың ерлігі арқылы олар Отанның қадірін түсініп, тарихи санасын қалыптастырады. Бұл – тәрбиенің маңызды бағыттарының бірі, – дейді «ҚР ҚМ ӘТМ» РМК Қарағанды филиалының тәрбиешісі Жанна Жұманбаева.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

