Ерлік – елге мұра, ұрпаққа өнеге
Биыл Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және партия қайраткері Камали Дүйсембековтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл Отан қорғаушылар үшін мақтаныш пен зор құрмет мерекесі. Камали Дүйсембековтің ерлігі еліміздің тарихында мәңгі сақталады. Ол өзінің өмір жолында небір күрделі шайқастарда көзге түссе де, бейбіт өмірде де қоғамға қызмет ету жолында қайсарлық пен табандылық танытқан тұлға.
Камали Жұматайұлы Даңқ ордендерінің толық иегері. Абыз кеуделі ақсақалдың есімі аймағымызға белгілі. Камали Дүйсембеков Бұқар жырау ауданына қарасты Тельман ауылында дүниеге келген. Жеңіс солдаты 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған шақта небәрі 17 жаста болған. Жаужүрек жауынгер Мәскеу және Сталинград түбінде от пен оқтың ортасында қайсарлықтың қайталанбас үлгісін танытты. Кейін Украина майданындағы кескілескен ұрыстардың куәгері болды. 1944 жылы гвардиялық дивизияның сержанты Севастополь үшін шайқаста ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жазылған соң, ол елге оралады. Камали Жұматайұлының ерен ерлігі де елеусіз қалмады. Отан соғысы және Даңқ орденінің толық иегері.
Камали Дүйсембековтың 100 жылдығына орай, «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты 31775 әскери бөлімінде ерлік сабағы өткізілді. Бұл шарада жас сарбаздар Камали Жұматайұлының өмірі мен ерліктері туралы тың ақпарат алды, сонымен қатар батырдың жауынгерлік жолы мен жеңістері туралы деректі фильм көрсетілді. Ерлік сабағында 31775 әскери бөлім командирінің орынбасары Шерхан Балтабай сөз сөйлеп, Камали Дүйсембековтің ерліктерін жас ұрпаққа үлгі етудің маңыздылығын атап өтті.
– Сталинградты қорғау, Қырым мен Донбасты жаудан азат ету, Балтық теңізі бойындағы қалаларды босату сияқты ұлы жеңістерге қатысқан ағамыздың ардагерлік жолы әрдайым үлгі тұтарлық. Севастополь үшін болған шайқаста ауыр жарақат алғанымен, ол батырлық пен ерліктің нағыз символына айналды, – дейді 31775 әскери бөлім командирінің орынбасары Шерхан Балтабай.
Камали Дүйсембеков көптеген мемлекеттік наградамен марапатталған. Оның кеудесінде «Данқ» орденінің ІІ және ІІІ дәрежесі, «Ұлы Отан соғысы» орденінің І және ІІ дәрежесі, сондай-ақ көптеген медальдар жарқырады. Бұл ордендер мен медальдар оның майдандағы ерлігі мен жанкешті еңбегінің айқын дәлелі. Сонымен қатар, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендері де оның бейбіт өмірдегі еңбегі мен қоғамға сіңірген зор үлесін бағалаған мемлекеттік марапаттар қатарында.
Камали Жұматайұлының өмірі мен ерлігі жастар үшін айрықша үлгі болып табылады. Оның отаншылдық рухы, еңбекке адалдығы мен табандылығы – болашақ ұрпаққа өнеге. Батыр өзінің өмірінде тек қана Отанын қорғап қана қоймай, сонымен қатар бейбіт өмірде де елге қызмет етті, қоғамның дамуына өз үлесін қосты. Сондықтан да Камали Дүйсембековтің есімі еліміздің тарихында мәңгілік сақталады. Бүгінгі жастардың Камали ағамыздың ерлігі туралы білуі, олардың бойында патриотизм мен отаншылдық сезімі күшейетіні сөзсіз. Бұл ерлік сабақтары олардың болашақта өз Отаны үшін қызмет етуге деген ынта-жігерін арттырады. Қазақ елі үшін осындай батырлардың ерлігін ұлықтау, оларды ұмытпау – ұрпаққа деген қарызымыз. Камали Дүйсембеков секілді батырларымыздың ерлігінен үлкен ғибрат алып, бейбіт өмірде елімізді жақсартуға атсалысуымыз қажет.
Камали Дүйсенбеков – қарағандылықтарға жақсы танымал, өмір жолы жеке аңыздай, кісілік келбет, азаматтық қалпымен де, ойға кемел, ақылға бай болмысымен де қадірлі жан. Ардагердің мерейтойына орай Қарағанды қаласында бірнеше шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, желтоқсан айының басында қаламыздың мәдениет үйлері мен кітапханаларында сабақтар, дөңгелек үстелдер, патриоттық сағаттар мен кездесулер жоспарланған. Бұл шаралардың барлығы жастар үшін пайдалы, өнегелі болары сөзсіз. Бүгінгі және келешек ұрпақ өз батырларын білуі тиіс.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»