Қарағанды облысында шағын және орта бизнестің экономикаға қосқан үлесі артып келеді
Бүгінде Қарағанды облысындағы экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Өңірде бұл бағытта шамамен 94,5 мың кәсіпкер мен компания жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында олардың экономикаға қосатын үлесі де артып келеді: салық түсімдері көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Бұл туралы аппараттық кеңесте Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер 12,3 пайызға артқан.
— Мемлекеттік қолдау шараларымен жалпы несие портфелі 57,2 млрд теңгені құрайтын 416 жоба қамтылды. Сонымен қатар бұған дейін қолдау көрсетілген шамамен 1,7 мың жоба бойынша қаржыландыру жалғасуда. Басым бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, сауда, туризм, IT, көлік, қоймалау, денсаулық сақтау және білім беру салалары бар, — деді баяндамашы.
Кәсіпкерлер арасында жеңілдетілген несиелеуден бастап инженерлік инфрақұрылым тартуға дейінгі барлық қолдау құралдары белсенді сұранысқа ие.
Жаңа «Өрлеу» жеңілдетілген бағдарламасы аясында қазіргі уақытта 146 жобаға қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы бизнесті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бағдарламасы да жүзеге асырылуда. Оның аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген қаржыландырумен қатар инфрақұрылымдық және консультациялық қолдау көрсетіледі.
Мемлекеттік қолдауды пайдаланған кәсіпорындардың қатарында жаңа және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары бар. Олардың арасында клинкер плиткасын, электр тарату жабдықтарын және басқа да өнім түрлерін шығаратын кәсіпорындар бар.
Кеңесте атап өтілгендей, кәсіпкерлікті дамыту – негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Биылғы жылы жұмыс ауылдық жерлердегі және моноқалалардағы бизнесті қолдауға, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге және жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасауға бағытталады.

