Ерекше жандарға – ерекше мүмкіндік: инклюзияны дамытқан жоба алғашқы түлектерін ұшырды
Қарағанды облысында инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған «Оқу-өндірістік комбинаттары» жобасының алғашқы түлектері мемлекеттік үлгідегі куәліктерін алып, өмірдің жаңа белесіне қадам басты. Бұл – әлеуметтік қолдау мен инклюзияны дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты жемісі.
Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде өткен салтанатты рәсімде ментальды даму ерекшеліктері бар он жасөспірімге «Кондитер» мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік табысталды. Бұл өңірдегі осындай бағыттағы алғашқы түлектер легі.
Жоба 2024 жылдан бері «Bolashak Charity» қоғамдық қорының бастамасымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүзеге асырылып келеді. Оның басты мақсаты – ерекше жастарды еңбекке бейімдеу, кәсіби дағдыларын қалыптастыру және олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасау.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, инклюзия бір реттік акциямен емес, жүйелі қолдау арқылы дамиды. Осыдан алты жыл бұрын Қарағанды қаласының бірнеше мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашудан басталған жұмыс бүгінде кәсіби даярлау деңгейіне көтерілді.
– Біздің мақсатымыз – ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдердің қоғамнан шет қалмауына жағдай жасау. Алты ай бойы қатысушылармен кәсіби бағдар беру және өндірістік оқыту жұмыстарын жүргіздік. Әр курс тыңдаушысының қабілеті мен қызығушылығына қарай жеке тәсіл қолданылды. Қатысушылардың белсенділігі өте жоғары болды. Мұндай жобалар олардың өз күшіне сенуіне, мамандық меңгеруіне және болашақта еңбек нарығына бейімделуіне үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы – қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға жол ашады, – дейді «Bolashak Charity» қоғамдық қорының оқу-өндірістік комбинаты жобасының менеджері Толғанай Боранқұл.
Колледж базасында ұйымдастырылған оқыту процесі ерекше тәсілді талап етті. Сабақтар шағын топтарда өтті, әрбір қатысушыға жеке көңіл бөлінді. Ерекше балалармен жұмыс істеу үшін педагогтардың өздері де арнайы қайта даярлау курсынан өткен.
Нәтижесінде алты ай ішінде жастар кондитерлік істің негізгі қырларын меңгеріп шықты. Олар қамырдың бірнеше түрін әзірлеуді, торт пен бәліштерді безендіруді, крем дайындауды және кондитерлік өнімдерді әзірлеудің технологиялық ерекшеліктерін үйренді.
– Сабақ беруді бастамас бұрын өзім де арнайы даярлық курсынан өттім. Әрине, бастапқыда белгілі бір қиындықтар болды. Дегенмен балалардың ынтасы мен жауапкершілігі барлық күмәнді сейілтті. Олар мұқият тыңдап, көрсеткен тапсырмаларды дәл орындауға тырысты. Бүгінде біздің тәрбиеленушілеріміз зімбір қамырын, майлы ашытқы қамырын, қатпарлы қамырды дайындауды меңгерді. Сонымен қатар бисквит пісіруді, кремнің бірнеше түрін әзірлеуді, кондитерлік өнімдерді сәндеуді және торт жасауды үйренді. Ең бастысы – олар өздеріне деген сенімділікке ие болды, – деп атап өтті Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері Гүлнар Маматова.
Бұл жетістік ата-аналар үшін де ерекше қуаныш. Себебі жоба балалардың уақытын тиімді өткізумен ғана шектелмей, олардың болашақ мамандығын таңдауға және дербес өмірге бейімделуіне жол ашып отыр.
17 жастағы Кәусар да осы бағдарламаның арқасында өзінің сүйікті ісін тауып, болашақ мамандығына алғашқы қадам жасады.
– Бұл жоба біздің балаларымыз үшін жай ғана курс емес, үлкен өмірге бастар жол деп есептеймін. Қызым осы уақыт ішінде көптеген жаңа дағдыларды меңгерді, өзіне деген сенімі артты. Бұрын болашағына алаңдайтынбыз, ал қазір оның нақты мақсаты мен қызығушылығы бар екенін көріп отырмыз. Ол таңдаған мамандығын жақсы көреді. Осындай мүмкіндіктер ерекше балалардың қоғамнан өз орнын табуына, еңбек етіп, тәуелсіз өмір сүруіне көмектеседі деп сенемін, – дейді Кәусардың анасы Айнұр Аманқұлқызы.
Бүгінде жоба аясында республика бойынша 130-дан астам ерекше жасөспірім кәсіби білім алуға мүмкіндік алған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай оқу-өндірістік алаңдардың санын көбейтіп, түлектерді тағылымдамадан өткізу және жұмысқа орналастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр.
Сарапшылардың пікірінше, инклюзияның басты өлшемі – ерекше жандарға қамқорлық көрсету ғана емес, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде білім алып, мамандық игеріп, еңбек етуіне мүмкіндік жасау. Қарағандыдағы бұл жоба дәл осы міндетті жүзеге асырып отыр. Сондықтан «AMANAT» партиясы мен қоғамдық ұйымдардың әлеуметтік бастамалары өңірдегі инклюзивті қоғам қалыптастырудың тиімді тетігіне айналып келеді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

