Ерекше жандарға – айрықша қамқорлық

Қарағанды қаласының Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, арба спортшыларына барлық қолайлы жағдай жасалған қайта құру жұмыстары жүргізілді. Мұнда фойенің кіреберісінде табалдырықсыз есіктер және керамограниттен жасалған арнайы табалдырықтар орнатылды. Нашар көретіндерге арналған тактильді таспалар, екі тілде брайль шрифтісімен жазылған белгілер пайда болды. Душ, жуынатын бөлмелер мен киім ауыстыратын бөлмелер жабдықталған.

Жаңартылған манежде қазір паралимпиадашылар жаттығуда. Оларды алда Франциядағы XVII Паралимпиадалық жазғы ойындарға қатысуға лицензия алу үшін күресетін маңызды старттар күтіп тұр. Ол жарыстар Парижде 2024 жылдың 28 тамызы мен 8 қыркүйегі аралығында өтеді. Үміткерлер арасында жеңіл атлеттерден Дастан Мұқашбеков пен Руфат Хабибуллин, жүзушілерден Әлия Рахымбекова, Наталья Звягинцева, Андрей Афанасьев бар.

– Ақпан айында Дубайда жеңіл атлетикадан Гран-при өтеді. Жарысқа біздің үш спортшы ұшады. 2023 жылға үлкен бағдарлама жоспарланған: 9 турнир, жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаты, Қытайдағы Азия ойындары. Спортшылар белсенді жаттығу жасайды, барлығы жақсы нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Біз Дастан Мұқашбековке үлкен үміт артамыз. Қазақстанда ол бірінші орында, әлемдік рейтингіде үштікте. Руфат Хабибуллиннің де жақсы жетістіктері бар: Азия рейтингісінде үштікте, әлемдік рейтингіде алтылықта, – деді жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Сергей Безгачев.

Оның айтуынша, жас паралимпиадашылардың келешегі зор. Мысалы, Абай қаласының тумасы Игорь Хлыстов жеңіл атлетикаға жарты жыл бұрын келген. Португалиядағы Дүниежүзілік ойындарда 200 және 400 метрге жүгіруде қола жүлдеге ие болды. Қазір оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілді.

Қарағандыда 2003 жылы мүгедектер спортынан облыстық мамандандырылған мектеп ашылды. Бүгінде мұнда 470 адам жаттығады.

Арман ӘБІЛҚАСЫМОВ