Ерекше білім алушыларға арналған кәсіби шеберлік байқауы өтті

Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің Құзыреттілік орталығында ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер арасында «Abilympics» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты ұйымдастырылды. Байқау «Мейрамхана ісі» бағыты бойынша өтті.

Шараға №6 мамандандырылған мектеп-интернат пен Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының 11 тәрбиеленушісі қатысты. Бұл байқау – ерекше білім алушылардың кәсіби дағдыларын дамытып, олардың әлеуетін ашуға бағытталған маңызды алаң.

Конкурстық тапсырмалар төрт негізгі модульден тұрды: екі адамға арналған кешкі ас дастарқанын әзірлеу, майлықтарды ерекше бес әдіспен бүктеу, алкогольсіз фантазиялық коктейль дайындау және тәтті тоқаш не капкейкті әсемдеп безендіру.

– Қатысушылар түрлі критерий бойынша бағаланды: мейрамхана жабдықтары мен құралдарын тану, үстел сервировкасы ережелерін білу, санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, сыртқы келбет, сондай-ақ креатив пен қазіргі заманғы трендтерді қолдану қабілеті ескерілді, – деп атап өтті чемпионаттың бас сарапшысы, өндірістік оқыту шебері Севиль Абдурахманова. – Барлық тапсырма қатысушылардың мүмкіндіктеріне бейімделіп, әр бала өзін еркін әрі сенімді сезінуіне жағдай жасалды.

Байқау жұмыстары мейрамхана саласының мамандары мен профильдік пән оқытушылары тарапынан бағаланды.

Жарыс нәтижесінде Артем Мелихов пен Зейнеп Кенжебек бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын – Денис Коврижный мен Екатерина Смолаға, ал үшінші орын – Даниил Фоменко мен Мәриәм Әбдікәрімоваға бұйырды.

Жеңімпаздарға дипломдар табысталып, барлық қатысушы арнайы сертификаттармен марапатталды.

«Abilympics» атауы ағылшын тіліндегі «ability» (қабілет) және «olympics» (олимпиада) сөздерінің бірігуінен шыққан. Бұл қозғалыс алғаш рет 1981 жылы Токиода өткен, сол жылдан бастап әлемнің көптеген елінде мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіби шеберлігін дамытуға үлес қосып келеді.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»