«Ерекше» балаларға – айрықша қамқорлық

Қарағанды қаласының Достық үйінде «ерекше» балалардың ата-аналарына арналған «Саналы ұрпақ» фестивалі өтті. Іс-шараға үш жүзден астам адам қатысты. Бұл фестиваль алғаш рет өткізіліп отыр. Оған АСБ, сал ауруы, ақыл-ой кемістігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қатысты. Сондай-ақ қонақта қарапайым сәбилердің аналары мен әкелері болды.

Кездесу мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына өмірлерінің шынайы оқиғаларымен бөлісуге мүмкіндік берді.

Ерекше баланың әкесі Қуандық Нұрпейісовтің баяндамасы ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

Іс-шараға Астанадан Инклюзивті фитнес-орталықтың негізін қалаушы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі, Инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңес мүшесі Динара Наумова келді. Ол сал ауруына шалдыққан. 3 жасында ата-анасы одан бас тартқан. Бірақ Динара қиындықтарды жеңіп, биік белестерді бағындырған.

Спикер-мамандар әйелдер мен ерлердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, денсаулық сақтау, білім беру және спорт саласындағы «ерекше» балаларға арналған мемлекеттік қызметтер туралы айтып берді.

Ата-аналарға түзету кабинеттерінің мекенжайлары және көрсетілетін қызметтер спектрі белгіленген маршруттық парақтар таратылды. Олар сондай-ақ түрлі маманмен кеңесу мүмкіндігіне ие болды.

Мұғалімдерге, тәрбиешілерге және «ерекше» балалардың ата-аналарына Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов алғысхат табыс етті. Фестиваль аясында «Сиқырлы аналар» фотокөрмесі де өтті. Оның кейіпкерлері «ерекше» балалар мен олардың аналары болды.

«Саналы ұрпақ» шарасын Қарағанды облысы әкімдігінің және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қолдауымен Қарағанды қаласының «Атамекен» ӨКП Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды.

Өз тілшімізден