Эльмира Сыздықова халықаралық турнирде күміс медаль ұтып алды

Анталияда (Түркия) өткен «Яшар Догу» халықаралық біріншілігінде жерлесіміз Эльмира Сыздықова күміс медаль жеңіп алды. Эльмира Қазақстан құрамасының алты марапаттың бірін алуына үлес қосты. Еркін күрестен 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесуде әзербайжандық қарсыласына есе жіберіп алған ол екінші орын иеленді.

Қарағанды облысының Полиция департаментінде ЖҚАЖ инспекторы Эльмира Сыздықованы спорттағы кезекті жетістігімен құттықтады. Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов жүлдегерге ІІМ символикасы бар қолсағат табыс етті.

Эльмира Сыздықова еркін күреспен 18 жасынан айналысады. Спортта биік белестерді бағындырып келеді. 2016 жылғы Жазғы олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды. Халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпазы. Бүгінгі таңда әлемдік рейтингіде Эльмира Сыздықова 4-орында тұр.

Спортшының екі жоғары білімі («Дене шынықтыру» және «Құқықтану» мамандығы) бар. Спортты ішкі істер органдарындағы жұмысымен сабақтастырып келеді.