ЕЛІМІЗДЕ 4 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ДОНОРҒА ЗӘРУ

4 мыңға жуық қазақстандық орган трансплантациясын күтіп жүр. Статистикаға қарағанда, ағза алмастыру оталарының 90%-ға жуығы тірі донорлардың арқасында жасалады. Ал басқалары гемодиализ арқылы өмірін ұзартады. Қазіргі уақытта Қарағанды облысында кезекте 351 адам тұр.

Қарағанды қаласының тұрғыны Рафис Сүлеймановқа донорлық бүйрек трансплантациясы қажет. 6 жыл бойы диализбен өмір сүріп келеді. Ол үшін әрбір жаңа күн – сынақ. Ер адам ем-дом шараларына аптасына үш рет барады. Қан тазарту үшін 4 сағат жатады. Дертіне дауа болар донор табылады деген үмітін үзбеуде.

– Әрине, мен бұл процедураға бармас үшін трансплантацияланғым келеді, өйткені бұл өте ұзақ уақытты алады. Денсаулық жылдан-жылға нашарлайды. Біздің елімізде бұл мәселе мүмкіндігінше тезірек шешілгенін қалаймын. Өйткені уақыт өтіп жатыр, – дейді емделуші Рафис Сүлейманов.

Мейрамбек Аукешовтің жолы болған, 2012 жылы диализге таңылыпты. Екі жылдан кейін донор табылып, мәйіт бүйрегі салынған көрінеді. Қазір жағдайы жақсы. Осы жылдар аралығында бойында өзгенің ағзасы бар деген ой да, жайсыздық та болмаған. Жыл сайын ауруханаға келіп тексеріліп тұрады.

Қазақстанда ағза алмастыру оталарының 90%-ға жуығы органдарын көзі тірісінде сыйға тартқан адамдардың арқасында жүргізіледі. Қарағандылық Наталья Бродикова анасы өз бүйрегін берген. Қазіргі таңда қант диабетіне шалдығып, тағы бір трансплантацияға мұқтаж.

– 2013 жылы анам маған бүйрегін берді. Содан дені сау адам ретінде өмір сүргеніме 10 жыл болды. Егер қант диабеті болмаса, әрине. Қазір ұйқы безін трансплантациялау қажет. Бұл маған қант диабетінен, инсулинге тәуелділіктен арылуға сеп болар еді, – дейді Наталья Бродикова.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда трансплантацияға мұқтаж органдардың тізімі артуда. Қарағанды облысының 351 тұрғыны ағза алмастыруға кезек күтуде. 8 адамға жүрек, 5 адамға бауыр, 337 тұрғынға бүйрек трансплантациясы қажет.

– Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тақырыбын көтергім келеді. Еуропада мұның орныққанына ұзақ уақыт болған. Олардың арнайы тізімі бар. Сондықтан бұл олар үшін жат емес. Ал біздің елде көбі мұны түсінбейді. Олар үшін трансплантация – жат нәрсе. Қайтыс болған бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан адамдар бұл мәселеге бейжай қарамағанын қалаймын, – дейді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының гемодиализ және трансплантология жөніндегі штаттан тыс бас маманы Салтанат Сариева.

Қазақстанда қайтыс болған донор трансплантациясы 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда 2000-нан астам ағза алмастыру отасы жүргізілді. Оның ішінде 86 жүрек трансплантациясы және 15 өкпе алмастыру отасы жасалды.

– Тірі донорлықтың пайызы өте жоғары. Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Себебі бүйрегінің бірін берген тірі донор мүгедек болуы, яғни оның да диализге түсуі мүмкін. Сондықтан қазір әрбір азамат EGOV-қа тіркеліп, органдарды өлімнен кейін алуға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті нефролог Пану Токказинова.

Сала мамандарының айтуынша, өлімнен кейінгі донорлық көптеген шетелде дамыған. Органдардың негізгі бөлігі қайтыс болғаннан кейін алынады. Біздің елде қайтыс болған адамның ағзасын алмастыру тек туыстарының рұқсатымен жасалады. Алайда көпшілігі қорқады және бас тартады. Дәрігерлер қайтыс болған бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін екенін айтуда.

Нұрәсем АХАН,«QH»