Ел сенімін арқалаған тұлғалар
Қарағанды облысында мемлекеттік қызметшілер арасында «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» атты облыстық байқаудың шешуші кезеңі ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен бұл бастама мемлекеттік қызмет саласында оқу мәдениетін қалыптастырып, рухани дамуға серпін беруді көздейді.
Зияткерлік додаға өңірдің 13 қала-ауданынан 1 500-ге жуық адам қатысуға ниет білдірген. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша білім деңгейі мен танымы жоғары деп танылған 57 үміткер финалға жолдама алды. Қатысушылар көркем әдебиетке қатысты білімдерін сарапқа салып, жан-жақтылығы мен ой-өрісін көрсетті.
Қазылар алқасының төрағасы Серікжан Байбосынов мұндай жобалардың маңызын ерекше атап өтті:
– Кітап оқу адамның парасат-пайымын тереңдетіп, ой-өрісін кеңейтеді. Әсіресе, мемлекеттік қызметтегі мамандардың біліктілігін арттыруда мұндай бастамалардың орны ерекше. Мемлекеттік қызметші ел алдында жауапты тұлға. Оның рухани байлығы мен таным деңгейі қабылдайтын шешімдерінің сапасына тікелей әсер етеді. Біз осы жоба арқылы жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, өзін-өзі үздіксіз жетілдіретін интеллектуалды кадрлар ортасын қалыптастыруды көздейміз. Негізінде, кітап оқудың өзі адамның ішкі жан дүниесі үшін үлкен жеңіс, – деді ол.
Байқаудың ақтық кезеңі автоматтандырылған тест жүйесі арқылы өтті. Қатысушыларға 40 сұрақ ұсынылып, әр жауапқа бір минут уақыт берілді. Бұл олардың кітап мазмұнын қаншалықты меңгергенін ғана емес, жылдам ойлау және нақты шешім қабылдау қабілетін де айқындады.
Жобалық кеңсе басшысы Дана Бахтығалиева бастаманың негізгі мақсаты рухани бай, жан-жақты ойлайтын мемлекеттік қызметкерлер ортасын қалыптастыру екенін айтты.
– Мемлекеттік қызметкер – ел сенімін арқалаған тұлға. Оның әрбір шешімі білім мен парасатқа негізделуі тиіс. Ал мұндай қасиеттер кітап арқылы қалыптасады. Көркем әдебиет адамды біліммен сусындатып қана қоймай, өзгенің тағдырын түсінуге, жанашырлық пен адамгершілікке тәрбиелейді. Біз бүгінгі қызметкерді тек тапсырма орындаушы емес, кең ауқымда ойлай алатын, танымы терең тұлға ретінде көргіміз келеді, – деді ол.
Тартысты өткен дода қорытындысында екі лига бойынша үздіктер анықталды. Қазақ лигасында Бұқар жырау ауданы командасы бірінші орын алды. Екінші орын Балқаш қаласына бұйырса, үшінші орынды Қарқаралы ауданы иеленді. Ал орыс лигасында Қарағанды қаласының командасы жеңімпаз атанды. Саран екінші орынды еншілесе, Теміртау қаласының қатысушылары үшінші орынға тұрақтады.
Жеңімпаз команда мүшесі Аян Кизкин байқаудың ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.
– Бұл сайыс жан дүниені байытудың таптырмас мүмкіндігі болды. Күнделікті тіршіліктен уақыт бөліп, 15 көркем шығарманы оқыдық. Әр туынды арқылы кейіпкерлермен бірге толғанып, өмірлік мәселелерге басқа қырынан қарауды үйрендік. Байқау аяқталғанымен, кітаппен басталған бұл достық алдағы уақытта да жалғаса береді, – деді ол.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ұлттық кітап күні қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысатын салтанатты жиында марапатталады. Сонымен қатар финалға шыққан барлық қатысушыға «Кітап оқитын ұлт» қорының Алғысхаттары табысталады.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

