Ел қорғау – ердің парызы
Мен, кіші сержант Бакір Нұрғазы Дауренұлы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы ретінде Отан алдындағы қасиетті борышымды абыроймен өтеп, елге оралдым. 2025 жылдың 14 сәуірінде әскер қатарына шақырылып, Қарағанды қаласында орналасқан 31775 әскери бөлімінде қызмет еттім.
Әскери өмір – тек қана тәртіп пен талап емес, ол – нағыз ер азаматты шыңдайтын үлкен мектеп. Қызмет барысында мен темірдей тәртіптің не екенін, жауапкершіліктің салмағын, ұжыммен бір мақсатқа жұмылудың маңызын терең түсіндім. Әсіресе, далалық жаттығулар мен жаяу марштар бізді төзімділікке, шыдамдылыққа және қайсарлыққа баулыды. Батальондық тактикалық сабақтар кезінде атыс қаруларын дұрыс қолдануды үйреніп, СПГ-9 танкке қарсы гранатометтен ату тәжірибесі мен үшін ерекше әсер қалдырды. Бұл – нағыз әскери дайындықтың бір бөлігі ғана емес, өз күшіңе деген сенімді арттыратын маңызды кезең болды. Әскери қызмет барысында маған ерекше қолдау көрсеткен взвод командирім – 3 сыныпты сержант Ботабаев Нұрман Абжаппарұлы. Оның әрбір жаттығудағы бағыт-бағдары, жеке сұхбаттардағы ақыл-кеңесі мен психологиялық қолдауы мен үшін үлкен демеу болды. Осындай білікті әрі жанашыр командирдің арқасында біз тек әскери машықтарды меңгеріп қана қоймай, нағыз Отансүйгіш азамат ретінде қалыптасуға қадам жасадық. Құрметті қазақ елінің жастары! Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Әскер – тәртіптің, достықтың, ерліктің мектебі. Сіздерді ел қорғау жолында қатарға қосылып, қайсар да рухты азамат болуға шақырамын. «Ел қорғау – ең мәртебелі іс!»

