Ел бірлігі – ең асыл қазына

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу – еліміз үшін үлкен тарихи оқиға. 1995 жылы негізі қаланған Ассамблея ұлтаралық келісім мен достықтың, бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы ретінде еліміздің барлық өңірінде маңызды рөл атқарып келеді.

Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бастамасы мен «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты республикалық тұжырымдама аясында аталып өтетін бұл мерейтой ерекше атап өтуге тұрарлық. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде бірлік пен татулықты нығайтуға арналған көптеген ірі жобалар мен шараларды жүзеге асыруда. Ассамблеяның 30 жылдығы аясында 50-ден астам ірі имидждік кешенді іс-шаралар жоспарланған. Бұлардың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қоғам қайраткерлері мен Ассамблея мүшелерінің қатысуымен өтетін Ақсақалдар кеңесінің кеңейтілген республикалық отырысы мен «Адал азамат» жобасы аясында атқарылатын марапаттау рәсімі ерекше орын алады. «Ұлағатты ұстаз», «Мәдениет майталманы», «Еңбектің адал үлгісі» сынды 7 аталым бойынша арнайы дипломдар мен мүсіншелер табысталады. Мұның өзі қоғамның әртүрлі саласында қызмет етіп жүрген адал азаматтарды қолдаудың маңызды шарасы болмақ. Бұдан бөлек, сәуір айында Ассамблеяның «Жомарт жан» орталығының меценаттар республикалық форумын өткізу жоспарланған. Ал тамыз айында «Көшбасшылар мектебі» шарасы өтеді, онда жас көшбасшылар мен блогерлер өз ойларын ортаға салып, бірлік пен келісімнің маңыздылығын дәріптейді.

– Қарағанды облысында да 30 жылдық мерейтойға орай бірқатар маңызды шара өткізілмек. 1 наурызда Мемлекеттік Гимнді орындаумен басталатын мерекелік шарадан кейін қайырымдылық акциялары, «Қайырымдылық керуені» бастау алады. Бұл акция әлеуметтік жобалар мен осал топтарды қолдауға бағытталып, қайырымдылық мәдениетін кеңінен насихаттайды, – деп атап өтті Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Қарағанды қаласында Ассамблеяның 30 жылдығына арналған тақырыптық мурал салу ұсынысы да мәдени шара ретінде үлкен маңызға ие. Бұл жоба ұлтаралық келісім мен достықты насихаттап, халықты біріктіруге бағытталған. Осы ретте, қаламызда мәдени жобаларды жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау маңызды. Бұл жұмыстар халықтың бірлігін нығайтуға, мәдени құндылықтарды сақтауға және жас ұрпақтың рухани дамуына үлкен үлес қосады.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,                                     

«QH»