Экотуризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде

«Біздің елде көрікті табиғи және тарихи орындар өте көп. Қазір экотуризмге деген сұраныс айтарлықтай артты», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында. Осы орайда Қарағанды өңірінде туризмді дамыту бойынша ауқымды жобалар қолға алынуда.

Қарағанды өңірінде туризмді дамытуға ерекше мән берілуде. Салаға салынған ірі инвестициялар арқасында Бұйратау мен Қызыл-Арайды таулы аймақтар, Балқаш көлі жағалауы туризмнің белсенді орталығына айналды. Әсем табиғатымен танымал Қарқаралыда қазіргі уақытта 40-қа жуық демалыс орны жұмыс істейді. 2025 жылдың жазында осы аймақтарға шамамен 20 мың адам келген. Жергілікті билік бұл өсімді жол инфрақұрылымының жақсаруы мен қолайлы жағдайдың нәтижесі деп түсіндіреді. Сонымен қатар, Бұғылы тауының баурайында жаңа демалыс орындарын салу үшін 75 гектар жер бөлініп, кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге жалға берілмек.

– «Бұғылы» туристік-рекреациялық аймағының жобасы 4 миллярд 423 миллион теңге көлемінде бағаланады. Жерлер конкурс арқылы өз иелерін тауып, сол адамдар кейінгі талаптарға сәйкес демалыс орындарын салатын болады. Сонымен қатар аймақта дәмханалар мен ойын алаңдары да жасалады, – деді Қарқаралы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің меңгерушісі Мейірлан Сәдуақасов.

Әсем табиғатқа орналасқан 18 жер учаскесі өміршең туристік жобаларды ұсынған инвесторларға ұзақ мерзімге жалға беріледі. Ендігі басты міндет – демалыс орындарына берілетін жерлерді толық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.

– 15,7 шақырым жолға электр желілері тартылды, кәріз және су жүйелері орнатылды. Келесі жылы асфальт төселіп, брусчаткалары қойылуы қажет. Сол жұмыстарымыз әлі аяқталмаған, – дейді мердігер Қанат Айдаров.

Қарағанды облысы туризмге инвестиция салғысы келетін кәсіпкерлер үшін тартымды өңірге айналып келеді. Биыл бұл салаға 23 миллиард теңге инвестиция енгізілді. Туризмнің дамуына аймақта қандай жағдай жасалғанын тұрғындарда атап өтті. Аймақ әкімдігі туризмді экономикасының негізгі драйверіне айналдыру мақсатында 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Инвестиция тарту үшін перспективалы туристік аймақтар таңдалып, арнайы жол картасы әзірленген.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»