Еңбекпен өрілген ғұмыр

Қара жердің қойнауындағы байлықты игеру – табандылықты, кәсіби шеберлікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін еңбек. Бұл жолда бар ғұмырын тау-кен саласына арнаған мамандардың еңбегі айрықша. Солардың бірі – Маратбек Бакенов. Ол өндірісте 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп, жерасты тау-кен шеберінен бастап басшылық қызметтерге дейін көтерілді. Бүгінде Темір рудасы департаменті бас директорының кеңесшісі ретінде кәсіпорынның дамуына өз тәжірибесімен үлес қосып келеді.

Маратбек Бакеновтің кәсіби жолы кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен, өндірістің даму кезеңдерімен тығыз байланысты. Жерасты жұмысын терең білетін маман үшін өндірістің тұрақтылығы мен оның болашағын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.

– Соңғы жылдардағы ең маңызды өзгеріс – кәсіпорынның болашағына жол ашылғаны. Қазір төменгі горизонттарды дайындау және кен орнының батыс бөлігін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл – қолданыстағы қорды игерумен ғана шектелмей, өндірісті алдағы кезеңдерге дайындау. Егер бұл жұмыстар қолға алынбағанда, кен қорының таусылуына байланысты кәсіпорынның жабылу қаупі туындауы мүмкін еді, – дейді Маратбек Бакенов.

Оның айтуынша, өндірістің жаңа мүмкіндіктерін іске асыру үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылуда. Оқпандарды қалпына келтіру, жабдықтарды орнату, көтергіш құрылғыларды монтаждау, жаңа жерасты қазбаларын дайындау – осының барлығы кен өндіру үдерісінің тұрақты жүруіне бағытталған. Сонымен қатар көлік, электрмен жабдықтау және кенді өңдеу инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қолға алынған. Бұл өзгерістердің әрқайсысы өндіріс тиімділігімен қатар, оны қамтамасыз ететін еңбек адамдарының жұмыс жағдайына да әсер етеді. Тау-кен өндірісіндегі жаңғырудың маңызды бағыттарының бірі – техникалық жарақтандыру. Бұрын қол еңбегіне негізделген жабдықтар кеңінен пайдаланылса, бүгінде кәсіпорын заманауи өздігінен жүретін техникаға біртіндеп көшіп келеді. Өндіріс орындарына жаңа бұрғылау қондырғылары, жерасты самосвалдары, электровоздар, вагонеткалар мен вагон аударғыштар сатып алынуда. Мұндай техникалық жаңарулар жұмыс үдерісін оңтайландыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және жұмысшылардың физикалық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

– Заманауи техника жұмысты жылдам орындауға жағдай жасайды. Ең бастысы, ол адамның еңбегін жеңілдетіп, еңбек өнімділігі мен қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, – деді тәжірибелі маман.

Өндірістегі қырық жылдан астам тәжірибесі бар Маратбек Бакенов үшін техника жаңаруы – тек өндірістік көрсеткіштерді арттыру емес, ең алдымен, еңбек адамына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастырудың бір бөлігі. Кәсіпорындағы өзгерістер кен өндірумен ғана шектелмейді. Кенді өңдеу кезеңінде де жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, спиральды сепарацияға арналған жабдық орнатылуда. Бұл технология кәсіпорын аумағында ұзақ жылдар бойы жиналған шламдарды өңдеп, олардың құрамындағы пайдалы компоненттерді бөліп алуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қосымша тауарлық өнім өндіру мүмкіндігі пайда болады. Өндірістің техникалық әлеуетін арттырумен қатар, еңбек жағдайларын жақсартуға да назар аударылуда. Жерасты жұмысшылары үшін бұрынғы үш ауысымды жұмыс тәртібінің орнына екі ауысымды график енгізілген. Сонымен бірге қызметкерлер үшін тегін тамақтану ұйымдастырылған. Бұл өзгерістер өндірістің дамуымен бірге жұмысшылардың күнделікті тұрмысын, еңбек тәртібін және жұмыс барысындағы жайлылығын ескерудің маңызын көрсетеді. Маратбек Бакеновтің кәсіби ғұмыры – тау-кен саласындағы еңбек адамының өндіріс дамуына қосатын үлесінің айқын көрінісі. Ол жерасты тау-кен шебері қызметінен бастап, басқару деңгейіне дейінгі жолдан өтті. Осы уақыт ішінде жинақтаған тәжірибесі бүгінде кәсіпорынның даму бағыттарын айқындауға көмектесіп келеді. Өндірістің болашағын қалыптастыратын ауқымды жобалар мен жаңа технологиялардың артында күнделікті еңбегін кәсібіне арнаған мамандар тұр. Сол еңбекті бағалау, қауіпсіздікке мән беру және жұмыс жағдайын жақсарту – өндіріс тұрақтылығының маңызды негіздері. Маратбек Бакеновтің еңбек жолы – кәсіби адалдық пен жауапкершіліктің, тәжірибе мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсететін өнегелі жол.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»