Еңбек адамдары марапатталды

Қыркүйектің соңғы жексенбісінде Машина жасаушылар күні кәсіби мерекесі тойланады. Қарағанды құю-машина жасау зауыты – іргетасы 1941 жылы құрылған өңіріміздегі ірі өнеркәсіп орны. Қаламыздың 800-ге жуық тұрғынын жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпорынның соңғы екі жылдағы көрсеткіші 15 млрд-қа ұлғайған.

Мереке қарсаңында Қарағанды құю-машина жасау зауыты аумағында үздік қызметкерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Шара барысында басқарма төрағасы Ж.А.Байгабелов зауыт қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады.

Өз саласында талай жыл қызмет етіп, еңбегімен көзге түскен бірқатар азамат Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шешімімен «Еңбек даңқы» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. Олар:

І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Исупов Александр Алексеевич;

ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Кондауров Андрей Алексеевич;

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Семенчук Марина Александровна;

«Еңбек ардагері» төсбелгісімен Сабиров Сергей Ахатович.

Сергей Сабиров зауытқа мектепті тәмамдаған бетте келген. Біраз уақыт ұстаның шәкірті болып қасында жүрген. Қазір өзгелерді өзі оқытып, ұстаздық ақылын айтады. Ол – осы кәсіпорындағы үлкен ұжымның жұмысын жүргізіп тұрған машиналардың тілін толық білетін жалғыз маман. Сергей Сабировтің бұл салада қырық жылдық тәжірибесі бар.

– Мен бұл жұмыс орнына мектептен кейін келдім. Сол уақыттан бері тоқтамай қызмет етіп келемін. Зейнет жасына жақындап қалдым, егер рұқсат берсе, тоқтамай жалғастырмақ ниетім бар. Себебі өмірімді бұл зауытсыз елестете алмаймын. Жаным мен ғұмырымның бір бөлшегі секілді. Мен үшін өте берекелі, жалақасы да жақсы жұмыс. Әр мереке сайын міндетті түрде сыйақы аламыз, сондай-ақ өнеркәсіп болғанына қарамастан, қауіпсіздігіміз де қатты қадағаланып, бірінші орынға қойылады, – дейді Сергейдің өзі.

Ал Андрей Кондауров болса жиырма бір жылдық еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» құрметті төсбелгісімен марапатталған. Оның айтуынша, кәсіби мереке қарсаңында марапатқа ие болатынын іштей сезген:

– Жұмысым өзіме ұнайды, бұл мен үшін бірінші кезекте тұрады. Әрине, сонымен қатар алатын жалақым да жақсы. Зауыттың бір жақсысы – барлық қажеттілігің өтеледі, мүмкіндіктер ұсынылады.

Марапатқа ие болғаным – мен үшін үлкен мәртебе. Отбасым, ата-анам үшін зор қуаныш болды. Мен әрі қарай да зауыт жұмысын жандандыру жолында қызмет ете беремін, – дейді ол.

Александр Исупов та – осы зауыттың тәжірибелі маманы. Еңбек өтілі жиырма екі жыл. Қарапайым жұмысшыдан бригадирге дейін жоғарылаған. Өзінің жеке қарамағында отызға жуық адам бар. Еңбекқор азамат «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды.

– Мен мұнда 2000 жылы келдім. Бұл – аспан мен жерді кезіп өтетіндей уақыт. Қазір сапалы жұмыстар жүргізіліп, зауытымыздың мүмкіндіктері артуда. Қарағанды құю-машина жасау зауыты – жай ғана зауыт емес, біздің бренд және біздің беделіміз, абыройымыз. Біз қол жеткізген жетістіктерімізден төмен түспеуге тырысамыз, – дейді Александр Исупов.

Қарағанды құю-машина жасау зауытында қызметкерлерді кәсіби және мемлекеттік мерекелерде марапаттауға ерекше көңіл бөлінеді.

Аружан АЛПЫСБАЙ