Еңбегі елге үлгі, ұрпаққа өнеге
Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада заң ғылымдарының докторы, меценат Бақтыбай Жүнісовпен «Жомарт жүрек нар тұлға» атты кездесу кеші өтті. Тағлымды шара «Өлке тұлғалары» кітапханалық тележобасы аясында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Кездесуге қаламыздың жастар ресустық орталығының өкілдері, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері, сондай‑ақ Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті заң факультетінің студенттері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Іс-шараны кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханова тізгіндеп, құрметті қонақтың Арқа жерінің мәдениеті мен руһани тынысының дамуына қосқан үлесі мен, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, шәкірт тәрбиелеудегі қайраткерлік тұлғасына кеңінен тоқталып өтті. Руханият жанашыры, жомарт жүректі нар тұлға Бақтыбай Жақсылықұлы алғашқылардың бірі болып Қарағандыда «Жеңіс» саябағын салуға атсалысты. Оның қолдауымен Қарағанды облысының тарихындағы көрнекті тұлғалар туралы кітаптар жарық көрді. Ғылымизерттеу саласы да, қылмыстықатқару және криминологиялық саясат мәселелері, қылмысының алдын алудың арнайы шарасы ретінде жазалау мәселелері болғандықтан, жастарды адал еңбек етуге, біреудің ақысын жемеуге баулып, өз ісімен үлгі болып келеді. Сонымен қатар «Орталық Қазақстан» академиясы болып қайта құрылған Қарағанды «Фемида» академиясының негізін қалаушы және ректоры. Бұдан бөлек, он бестен астам оқулық пен монографиясы жарыққа шықты. Қарағанды қаласында қазақ басылымдары ақсап тұрған шақта «Arqa aqshamy» мен «Qaragandy habary» газетінің ашылуына мұрындық болып, қазақ журналистикасына жаңа тыныс бергенін де айрықша атап өткен жөн. Бұл басылымдар ұлттық мүддені жандандырушы әрі шынайы жаршысы бола білді. Жаны жомарт, көңілі мәрт азамат індеттің ушыққан кезінде де елмен бірге болып, көмегін аямаған. – Атақ, дәрежені ешқашан бірінші орынға қойған емеспін. Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғағанда жаным толқып, қатты қуанғанмын. Өйткені, диссертация жұмысын Мәскеуде жүріп жаздым. Оған бір жарым жылымды арнадым. «Қорғамай қайтпаймын!» деп өзіме ант бергенмін. Қорғаған соң бір ақ келдім. Есіл еңбегімнің ақталғаны мені шексіз қуанышқа бөледі. Содан бері алдыма мақсат қойып, мақсатыма ақырындап жетіп келемін. Өзімнің ұстанымым солай. Тынымсыз еңбек ету керек. Сонда дегеніңе жетесің. Кітап оқығанды жаным сүйеді. Жастардың да білімге құштар болғанын қалаймын. Сондықтан да, алғыр шәкірттер мен озық ойлы ұстаздарға стипендия тағайындап отырамын. Қандай жетістікке жетсем де еңбегіммен жеттім. Үлкендердің қамқорлығын көрдік, аялы алақанының жылуын сезініп өстік. Жастар да біздің қамқорлығымызды сезініп, еліне адал қызмет ететін білімді, патриот әрі бәсекеге қабілетті маман иесі болғанын қалаймын, – деді кеш қонағы Бақтыбай Жақсылықұлы.Кеш қонақтары, дидарғайып кездесу барысында қайраткер тұлғаға өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кітапхана оқырмандары мен студент жастар арда туған азаматтың төбешіктен тау тұлғаға дейінгі қызықты өмірімен танысып, жүрек жарды әңгімесін естіп шөлін басты. Сондай –ақ кеш соңында, Бақтыбай Жақсылықұлы өз еңбектерін М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың қорына, сыйға тартты.