Дрон дәуірінің жаңа мамандары даярланады
Теміртауда Қазақстандағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде алғашқы дрон операторларын даярлау орталығы ашылды. Жоғары политехникалық колледж базасында жұмыс істейтін DRONE SCHOOL орталығы қазіргі еңбек нарығында сұранысы артып келе жатқан пилотсыз технологиялар саласына білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Жаңа орталықтың ашылуы өңірдегі техникалық мамандықтарды жаңғыртуға жасалған маңызды қадамның бірі. Мұнда дронды жай ғана басқару емес, пилотсыз ұшу аппараттарын кәсіби мақсатта пайдалану, олардың мүмкіндіктерін нақты өндірістік міндеттерді шешуге қолдану үйретіледі. Мамандар ауыл шаруашылығы, құрылыс, геодезия, өнеркәсіп және логистика секілді салаларға қажет.
Орталықтың ашылуына қажетті материалдық-техникалық база жасақталып, оқу үдерісін ұйымдастыратын мамандар тартылған. Тыңдаушылар оқу соңында тиісті сертификат алады. Биыл сабақтарды Drone Pilot Academy авиациялық оқу орталығының сертификатталған пилот-тренерлері жүргізеді.
«Орталығымызға жетекшілік ететін кадрларды таптық, Қазақстаннан сертификатталған, лицензиясы бар әлеуметтік серіктестерді тарттық. Мемлекет материалдық-техникалық база бойынша көмектесіп, қажетті құралдар сатып алынды. Енді, міне, үш санат бойынша орталық ашуды ұйғардық. Оқу аяқталған соң сертификаттар беріледі. Әзірге Drone Pilot Academy компаниясының пилот-тренерлері оқытады», – деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің директоры Салтанат Ақбергенова.
Пилотсыз ұшу аппараттарының қолданылу аясы жыл сайын кеңейіп келеді. Ауыл шаруашылығында дрондар егістік алқаптарын бақылау, егістіктің жағдайын бағалау және мониторинг жүргізу үшін пайдаланылса, құрылыс пен геодезияда жер бедерін зерттеу, нысандарды бақылау және өлшеу жұмыстарын жеңілдетеді. Өнеркәсіпте де дрондардың көмегімен аумақтарды бақылау, техникалық нысандарды тексеру және түрлі мониторинг жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жаңа кәсіптердің қалыптасуына жол ашып отыр. Соның бірі – дрон операторы. Қазірдің өзінде еңбек нарығында осы бағыттағы мамандарға сұраныс байқалады.
«Қазақстанда кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Бара-бара фермерлік шаруашылықтар мен ірі агроөнеркәсіптік кешендер дрондарды басқаруға көшуде. Қарағанды облысы да бұдан тыс қалмайды, мұнда да сұраныс бар. Басқа да мемлекеттік органдар, айталық ТЖМ, ІІМ күштері немесе өз қызметінде операторларды қолданатын өзге де компаниялар тарапынан үлкен сұраныс бар екенін жақсы білеміз. Компаниямызда Қарағанды облысынан клиенттер өте көп болды: университеттер, компаниялар, тау-кен өндірістік компаниялары, соның ішінде Қармет сияқты ірі компаниялар да бізден оқып шықты. Бұл тек бастамасы деп ойлаймын», – деді Drone Pilot Academy авиациялық оқу орталығының жетекшісі Мәулен Мұстафаев.
Жаңа орталықтың тағы бір ерекшелігі – дрон операторларын даярлаумен қатар, колледж оқытушыларының біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінеді. Келесі оқу жылынан бастап студенттерге арналған толыққанды мамандық ашу жоспарланып отыр. «Пилотсыз ұшу аппараттарының операторы» мамандығы колледждің білім беру бағдарламасына енгізілген. Бұл алдағы уақытта колледж қабырғасынан осы сала бойынша кәсіби мамандардың алғашқы легі шығатынын білдіреді.
Теміртаудағы орталықта азаматтық бағыттарға басымдық берілмек. Атап айтқанда, картография, ауыл шаруашылығы алқаптарының мониторингі, құрылыс, геодезия және жүк тасымалы секілді салаларда дрондарды қолдану бойынша мамандар даярланады. Бұл ретте Қарағанды техникалық университетінде де пилотсыз ұшу аппараттарының операторлары дайындалатынын атап өткен жөн. Алайда университеттегі даярлық әскери кафедра аясында, негізінен барлау және топогеодезия бағыттарына бағдарланған.
Ал Теміртаудағы DRONE SCHOOL азаматтық секторға қажетті мамандарды даярлауға бағытталып отыр. Осылайша колледж базасында ашылған жаңа орталық заманауи технологияларды білім беру жүйесіне енгізіп қана қоймай, өңірдің еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтардың қалыптасуына мүмкіндік береді.
Пилотсыз технологиялардың өндіріс пен күнделікті өмірдегі рөлі арта түскен сайын оларды кәсіби деңгейде меңгерген мамандарға қажеттілік те көбейе бермек. Сондықтан Теміртаудағы жаңа орталықтың ашылуы – техникалық білім беруді заман талабына бейімдеп, жастарға жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік беретін маңызды бастама.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

