Достық ойын

Теміртаудағы «Строитель» стадионында футболдан достық ойын ұйымдастырылды. Теміртау мен Қарағанды құрамасы өзара бақ сынасты. Айта кету керек, Қарағанды құрамасы ерекше балалардан жасақталған.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған Қарағанды мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Нұрасыл Талғат 3 жылдан бері футболмен айналысады. Жасына қарамастан ол бірнеше маңызды матчтарға қатысып үлгерді және қазір алдағы ауқымды жарыстарға қатысу үшін құрамаға кіруге ұмтылуда. Нұрасыл ең алдымен өзінің доп ойнаудағы шеберлігі мен шапшаңдығын шыңдағаны үшін және көрсетіп жатқан нәтижелері үшін жаттықтырушыларына алғыс айтады.

– Мен футболды өте қатты жақсы көремін. Және таңертеңнен кешке дейін, футбол ойнап жүремін. Себебі мен футбол ойнағанда көңіл-күйім көтеріледі. Дайындықты сезінемін. Біраз матчтарға қатыстым, Теміртауға екінші рет келіп отырмын, – дейді Нұрасыл Талғат.

Матч дамуында ерекшеліктері бар балаларды бейімдеу және әлеуметтендіру мақсатында өткізілді. 2018 жылдан бастап дене шынықтыру және спорт басқармасының, Облыстық мүгедектер спорт мектебінің және «Шахтер» ФК-ның қамқорлығымен ерекше балалар үшін футболдан жаттығу сабақтары ұйымдастырылып келеді. Облыстық мамандандырылған мектеп басшысының мүгедектер спорты бойынша орынбасарының айтуынша, мұндай колоборация балаларды ойын дағдыларын жетілдіруге үйретіп қана қоймай, әлеуметтенуде де үлкен рөл атқарады.

– Енді біздің басқарма мен «Шахтер» ФК отыз баланы жаттықтырады. Бұл жоба 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылы Саран қаласында, биыл Теміртау қаласында достық матчтар өткіздік, – дейді облыстық мамандандырылған мектеп басшысының мүгедектер спорты жөніндегі орынбасары Жанат Жұмабеков.

Қазақстанда ерекше адамдардың саны 700 мыңнан асады, өкінішке қарай олардың 100 мыңнан астамы балалар. Бүгінгі таңда өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесетін көптеген бағдарламалар бар. Жанат Жұмабековтың айтуынша, мұндай жағдайда ең бастысы қиындыққа мойымай алға жылжуды жалғастыру және бір-бірімізге қолдау көрсету.

– Қазіргі уақытта біздің екі бала ұлттық құрамаға тіркелген. Мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа тарту, салауатты өмір салтын сақтау. Оңалып кетсе, жазылып кетсе балалармен жұмыс істей береміз. Жыл сайын бала саның көбейте береміз, – деп атап өтті Жанат Жұмабеков.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»