ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, домбыра үніне елтімейтін, оны сүймейтін қазақ жоқ. Домбыра – қазақ қазақ болғалы бірге жасасып келе жатқан көне аспап. Дегенмен ғасырлар өтсе де, атадан балаға мұра болып асыл өнеріміз сақталып келеді. Қазірдің өзінде қаламызда домбыра үйірмелері де, оған келетін балалар да жетерлік. Солардың бірі №2 оқушылар сарайында республикалық домбырашылар челленджі өтті. 60-қа жуық оқушы бір мезгілде қос ішекке қол салып Арқа аспанын әсем күйге бөледі.
Челленджді қолдап келгендердің бірі – Ерсұлтан Мырзахан. Домбыра үйірмесіне қатысып жүргеніне 3 жыл болған. Қазіргі таңда оқушы – түрлі жарыстың жүлдегері. Осындай шараларға қатысқан сайын шабыты ашылып, қызығушылығы оянатынын айтады ол.
– Осы үйірме көп күй үйренуге, көптеген челленджге, көптеген концертке қатысуға мүмкіндік берді. Маған осы үйірме өте қатты ұнайды. Осы концерттерге шығу, челлендждерге шығу өте ұнайды. Болашақта әлі де білімімді жалғастырғым келеді. Біздің өңірімізде атақты күйшілер өте көп. Мен де солардай нағыз күйші атанғым келеді, – дейді Ерсұлтан.
Оқушылар сарайында үйірменің ашылғанына бар болғаны үш жыл ғана болған. Соған қарамастан үйірмелер арасында балалар ең көп келетіні домбыра тобы екен.
– Осы ұйымдастырып отырған үлкен челлендждерге қатысу арқылы біз баланың бойына қазағыма деген, оның домбырасына деген керемет бір дүниелерді салып береміз. Оған өте қуаныштымыз. Осындай челлендждер болып тұрғаны өте жақсы, – дейді «Ата толғауы» домбырашылар үйірмесінің жетекшісі Бибігүл Тілеуханова.
«Күй күмбірі» атты республикалық домбырашылар челленджінің мақсаты – ұлттық аспап арқылы қазақ халқының болмысын дәріптеу және мәдени мұрасын сақтауды насихаттау. Сонымен қатар білім алушылардың қазақ халқының музыкалық мәдениетіне қызығушылықтарын ояту.
– Республикалық деңгейде «9 ай – 9 іс-шара» деген жобамыз бар. Әр ай сайын ұлттық мүддемізді қолдайтын осындай арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Барша республика көлемінде республикалық «Күй күмбірі» челленджі өткізілмек. Мақсаты – оқушылардың домбыраға, домбыра үйірмесіне, күйлерге, қазақ әндеріне қызығушылығын арттыру, – деді Қарағанды облысы Білім басқармасының бөлім басшысы Аруна Мұқашева.
Бұл республикалық челлендж Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Еліміздегі барлық мектеп, мекеме мен орталық үйірмелері атсалысты. Одан Қарағанды да тыс қалмаған, облыс көлемінде барлығы 11 мыңға жуық домбырашы қатысты. Олар бір уақытта атақты композиторлардың «Сарыарқа», «Әлқисса» және «Адай» сынды т.б. күйлерін орындады.
Нұрәсем АХАН,«QH»