Деректерді қорғау және қауіптің алдын алу
Аңғалдықпен алаяққа ұрынып қалмаңыз! Қарағанды қаласының Достық үйінде киберқауіпсіздік туралы маңызды кездесу өтті. Онда полицейлер мен дәрігерлер интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелерін талқылады.
Киберқылмыстардың қаупі туралы халықты ақпараттандыру және үнемі ескерту шараларына қарамастан, бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Алаяқтар ешкімді аямайды: олардың торына үй шаруасындағы әйелдер де, жоғары білікті мамандар, тіпті ғылым докторлары да түсіп жатады. Алаяқтық әрекеттерден келген шығын 50 миллион теңгеге дейін жетуде. Оларға сеніп, адамдар өз жылжымайтын мүлкін сатып немесе кепілге қойып, жинақтарын шешіп алып, үлкен қаржылық шығынға және эмоционалдық күйзеліске ұшырауда.
– Бұл жұмыстың басты мақсаты – алаяқтардың арбауына түсіп, қалмау мақсатында, алаяқтардың арбауына түскен адамдар саның азайту үшін осындай үлкен шаралар ұйымдастырылып жатыр. Биыл Қарағанды қаласында жеті полиция бөлімінің қызметкерлері, басқарма қызметкерлері осындай шараны өткізіп жатыр, – деді полиция басқармасы бастығының орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.
Өкініштісі, медициналық қызметкерлер арасында да кибералаяқтардың құрбаны болғандар бар. Бұл интернет-алаяқтықтың бүкіл қоғамды қамтитын ауқымды мәселе екенін көрсетеді және оны шешу үшін кешенді тәсіл қажет.
– Негізінде мен өзім кездеспедім, дегенмен жиі семинар өткізіп тұрамыз. Емханадан жалған қоңыраулар тіркеліп жатады. Алданып қалмас үшін, СМС кодты айтпай, құзырлы орган қызметкерлеріне хабарласу керек. Мұндай шараның маңызы зор, толыққанды ақпарат алуға көмектеседі, – дейді көпбейінді облыстық балалар ауруханасының қызметкері Айдана Жанатқызы.
Кездесу барысында полицейлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, алаяқтықпен күресу әдістерін түсіндірді. Ал дәрігерлер өз оқиғаларын айтып, өздері мен пациенттерін мұндай қауіптен қалай қорғауға болатынын талқылады. Полицейлер мен медицина қызметкерлерінің осындай ынтымақтастығы халықтың хабардарлығын арттырып, интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған тиімді шараларды әзірлеуге көмектеседі. Бұл сөзсіз, барлығына арналған қауіпсіз интернет кеңістігіне қарай жасалған маңызды қадам болмақ.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,
«QH»