Депутаттар кеншілер талабын қолдады

Қарағанды қалалық мәслихат депутаттары «Күзембаев» кен орнында болып, көмір өндіру процесімен танысты. 1959 жылы пайдалануға берілген шахта – бүгінде өңіріміздегі көмір өндіруші ірі кәсіпорындардың бірі.

Халық қалаулылары шахтаға түсіп, ондағы жағдаймен танысты. Артын

ша депутаттар кеншілермен бас қосып, тау-кен өнеркәсібі саласының маңызды мәселелерін тілге тиек етті.

Басқосуда елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар да талқыға салынды. Басты мәселелердің бірі – кеншілердің зейнет жасын төмендету. Өз басын қатерге тіге отырып жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау – Үкімет үшін негізгі міндет. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов кездесуде кеншілер еңбегінің маңыздылығын атап өтті. Өйткені өндірістік көрсеткіштері, жоғары кәсіпқойлығы, техникалық әлеуеті мықты кенішіміз қандай да болсын күрделі жағдайларға қарамастан өндіріс шығындарын оңтайландырып, тиімділігін ұлғайтып, бәсекеге қабілеттілікті сақтай отырып даму жолында.

– Кеншілердің жер астындағы пайдалы қазбаны алып, қалаларға отын, жылу берудегі еңбектерін бір сәт көз алдыңызға елестетіңізші. Жарты ғасырлық тарихында миллиондаған тонна көмір өндірген бірегей кеніш талай кеншілердің өмір жолына айналды. Кенші мамандығы белгілі бір тәуекелмен байланысты. Сондықтан кеніштерде «Нөлге ұмтылу» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – өндірістік жарақаттарды мүмкіндігінше болдырмау. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі бойынша арнайы бағдарлама қабылданды. Көмір өндіру – нағыз ерлердің ісі. Кеншілердің табандылығы, қажырлығы өзгелерге үлгі боларлықтай. Сондықтан зейнет жасын төмендету туралы ұсынысымызды Еңбек министрлігіне жолдаймыз, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Бұдан бөлек кеншілермен кездесуде маусым айында өткен референдум қорытындысы сөз болды.

– Біз жақында ел тарихында ойып тұрып орын алар айтулы оқиғаның куәгері болдық. Атап айтқанда, біздің негізгі заңымызға өзгерістер енгізу туралы референдумға қатыстық. Мұның барлығы не үшін жасалуда? Бірінші кезекте, тұрақтылық пен бейбітшілік үшін. Президенттің барлық бастамасы осыған бағытталған. Қазіргі әлемдік күрделі геосаяси жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылық өте маңызды. Қала тұрғындарын алаңдататын бірде-бір сауал жауапсыз қалмайды! – деп түйіндеді Құдайберген Бексұлтанов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»