Әдепсіз сөйлеген – айыппұл арқалайды

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде балағат сөз үшін қандай жаза қарастырылғаны туралы қызу талқылануда. Балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік күшейгенін құзырлы органдар растауда.

Әсілінде, біздің заңнамада әдепсіз сөздерге қатысты жауапкершілік бұрыннан қарастырылған. Мәселен, қорлау, яғни бөтен адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн дөрекі түрде қорлау қылмыстық құқықбұзушылық саналады, ол үшін 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе 120 сағатқа дейін түзеу немесе қоғамдық жұмыстар белгіленген.

Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастағы адамдардың әдепсіз сөз айтудан туындайтын, бірақ қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ әрекеттері ӘҚБтК-ның 73-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, ендігі жерде ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Жалпы, ұсақ бұзақылық жөні былай: ұсақ бұзақылық қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіп пен жеке адамдардың тыныштығын бұзған әдепсіз сөздер айту, жеке тұлғаларды қорлау, ғимараттарды, басқа құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және басқа да қоғамдық орындардағы мүлікті сындыру және басқа да осыған ұқсас құрметсіздікті білдіретін әрекеттер түрінде көрінеді.

Бейәдеп сөздереге келсек, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айтылса ғана туындайды, ондағы бір шарт басқаларды сыйламаушылықты білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу әрекеті болуы тиіс. Биылдан бастап ұсақ бұзақылық үшін жаза күшейеді. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіп бұзудың алдын алу мақсатында жасалуда. Автобуста біреу балалардың немесе аға буын өкілдерінің көзінше дөрекі сөз айтса, бұл үшін жауапкершілік 17 250 теңге айыппұл болады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 2023 жылдың 6 наурызынан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (яғни 69 000 теңге) түрінде жазаланып, 5 күннен 15 тәулікке дейін қамауға алынады. Онда әрбір арыз бойынша полиция дәлелдеме жинайды. Мұндай дәлелдеме азаматтардың мәлімдемесі, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқықбұзушылықтың бейне-аудиожазбасы, қажет болған жағдайда сараптама қорытындысы болуы тиіс. Дәлелдемелер мен кінәнің бар-жоғына құқықтық бағаны сот береді. Жауапкершілікке тартылу үшін ұсақ бұзақылықтың алғышарты – қоғамдық орындарда әдепсіз сөз айту, басқаларды сыйламау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу.

Әлеуметтік желіде балағат сөз айту да (қай тілде айтылса да) ұсақ бұзақылық саналады. Ол – қоғамдық орындарда азаматтардың тыныштығын бұзатын немесе басқаларға құрметсіздік білдіретін сөздер. Ол үшін әлгіндегідей жауапкершілік қарастырылған.

Б.Амангелдин,

Қарағанды-Сұрыптау ЖПБ бастығы, полиция подполковнигі