Даму экономикадағы оң көрсеткіш

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында экономиканың өсімі негізгі салалардың барлығында байқалады деп күтілуде. Атап айтқанда, өңдеу және тау-кен өндіру салаларының өндіріс көлемінің ұлғаюы есебінен өнеркәсіптегі өсім 3%-ды құрайды.

— Тегіс прокат өндірісі 6%-ға, болат 7,1%-ға, шойын 5,8%-ға, тазартылған алтын 4%-ға, кальций карбиді өндірісі 1,4%-ға өсуі арқасында өнім өндірісі 4%-ға артып, шамамен 928 миллиард теңгені құрайды. Облыстың негізгі капиталына инвестиция есебінен 92 миллиард теңгеден астам қаражат игеріледі деп күтілуде, — деп атап өтті Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Тамақ өндірісі, құрылыс, көлік, қаржы, сақтандыру, кәсібиғылыми және техникалық қызмет сияқты салаларда да белсенділік байқалады. Бұл ретте 86-дан астам инвестициялық түсім өз қаражаты есебінен қалыптасқан.

— Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,6%- ға артып, мал шаруашылығы өнімдерінің өсуі есебінен 9,2 миллиард теңгені құрайды. Ет өнімдерін өндіруде 1,4%-ға, сүт өнімдері өндірісінде 3,3%-ға өсім күтілуде

Құрылыс саласында 43 миллиард теңгеден астам сомаға жұмыс атқарылады деп жоспарлануда. Оған қоса 152 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға артық. Алайда Балқаш, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай, Ақтоғай, Осакаров және Шет аудандарында экономикалық өсім көңіл көншітпейтінін мойындау керек, — дейді басқарма басшысы

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6,5%-ға артып, жалпы саны 96 252-ге жеткен. Ішкі тауар айналымы 530,7 миллиард теңгені құрады. Азамат Мұқановтың айтуынша, сыртқы сауда да қарқынды дамып келеді. Бұл саладағы көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға өскен. Көлік саласында да 1,6%-ға немесе 87,7 миллиард теңге көлемінде өсім күтілуде. Ал жолаушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға, жүк айналымы 7,1%-ға артады.

Ведомство басшысы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 1,6%-ға артып, мал шаруашылығы өнімдерін шығарудың 1,7%-ға өсуі есебінен 49,2 миллиард теңгені құрайтынын қоса айтты. Мал мен құстың барлық түрінің саны артқан.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»