Дәурен Абаев кеншілер астанасында

Ұлттық құраманың штаттық саны артады. Бұл — спортшылар мен жаттықтырушылардың ай сайын ақшалай қаражат алып, халықаралық жарыстарға шығуына мүмкіндік береді. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Қарағанды өңіріне жасаған көшпелі мәжілісінде осы мәселе сөз болды.

Шараға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, басқа облыстар мен Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары және облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары қатысты.

Кеңес барысында Қ Р МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің өңірлердегі және министрлікке бағынысты мекемелеріндегі мониторингтік топ жұмысының қорытындысы шығарылып, Қарағанды, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы дене шынықтыру мен спортты дамыту перспективалары туралы баяндамалар тыңдалды, сондай-ақ ағымдағы өзекті мәселелер талқыланды.

Кеңесті ашқан Дәурен Абаев Қарағанды қаласы ел өңірлеріндегі спорт саласының жай-күйі мен қажеттіліктерін зерделеу мақсатындағы бастапқы нүкте саналатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша жүргізіліп отыр. Негізгі мақсат — отандық спортты дамытудың кешенді жоспарын қалыптастыру

Бұдан әрі министр министрліктің спортты дамыту жөніндегі жұмысының негізгі бағыттарына егжей- тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, бұқаралық және балалар спорты, спорттық инфрақұрылым және жоғары жетістіктер спорты қамтылды.

— Бұл тұрғыда бұқаралық және балалар спортын дамытуды ерекше атап өту керек. Үкіметтің соңғы отырысында спорттық тапсырысты іске асыру мәселесі жеке блок ретінде қаралды. Аталған тетіктің сапасы әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалау индикаторларының бірі болып отыр. Тағы бір басымдық — командалық спорт түрлері бойынша ұлттық мектеп және студенттік лигаларды дамыту, міндетті түрде ауылдық деңгейдегі оқу орындарын тарту, — деді Дәурен Абаев.

Өз кезегінде Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев бұқаралық спортты дамытудың алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

— Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында 2021 жылы Нұр- Сұлтан қаласының оң тәжірибесін ескере отырып, 2022 жылдың мамыр айынан бастап «Қолжетімді спорт» жобасын республиканың бірқатар өңірінде жүзеге асыру жоспарланған, — деп атап өтті комитет төрағасы. — Көпшіліктің назарын жиі аударатын тағы бір жайт — допинг. Мысалы 2021 жылғы жазғы Олимпиадада 2 318 тест өткізілді, 8 спорт түрі бойынша 18 оң нәтиже шықты. Өкінішке қарай, бұл — Спорт медицинасы орталығының кемшілігі, — деді Самат Ерғалиев.

Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев Қарағанды облысындағы спорттық резервтің дайындығы туралы айтты.

” Облыста спорттың 100 түрі дамып келеді, оның 44-і олимпиадалық. 456 мыңнан астам адамды қамтитын 1 402 дене шынықтыру жəне спорт ұйымы бар. Жоғары оқу орындарында спорт кадрларын даярлауға облыстық бюджеттен гранттар бөлінеді. Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жəне олардың жаттықтырушыларына сыйақы, сондай-ақ ай сайынғы жəрдемақы берілуде.

— Бұқаралық спорттың мәні тек қамтуды арттыру емес екенін бәріміз түсінеміз. Спорт шеберлерін тауып, дамыту, талантты балалардан чемпион тәрбиелеп шығару үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Ол үшін қалалар мен ауылдық жерлерде жаңа нысандар салып жатырмыз. Біз нұсқаушыларды, жаттықтырушыларды дайындаймыз, жарыстар өткіземіз. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны кеңейтіп жатырмыз, — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2021– 2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары жүзеге асырылуда. Биыл 4 дене шынықтырусауықтыру кешенін, 2 бассейн ашу, 55 спорт алаңын орнату жоспарлануда.

Кеңес қорытындысында ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетіне және облыс әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар берілді: республикалық басым спорт түрлерінің тізбесін бекіту және айқындау жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау; кәсіби клубтарды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру кезінде бекітілген лимиттердің сақталуын қамтамасыз ету; ауылдық жерлерде тез тұрғызылатын спорт модульдерін салу бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін қолдану; жан басына шаққандағы қаржыландыру спортқа бөлінетін қаражаттың жалпы сомасының кемінде 10 %-ын құрайтындай лимит белгілеу.

Жиын соңында республикалық мониторингтік топтың өңірлердегі жұмысының қорытындысы шығарылды.

Сондай-ақ жұмыс сапары аясында Дәурен Абаев қаланың спорттық инфрақұрылымымен егжей- тегжейлі танысты. Министр «Атлант» спорт кешеніне, «Saryarka Table Tennis» теннис орталығына барды. Сонымен қатар министр Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған «Қаракөз» спектаклін тамашалап, азаматтарды қабылдады.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»