Дәстүрлі өнермен дараланған дарын

Түркия төрінде қазақтың дәстүрлі әні биікке көтерілді. Alash Star халықаралық байқауында Ақжан Шыныбек «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша екінші орынды жеңіп алды.

Alash Star – жыл сайын қарқынды түрде өткізілетін халықаралық дода. Би билеу, ән айту, дәстүрлі ән, аспапта ойнау сынды т.б көптеген аталым бойынша 7-20 жас аралығында өтетін байқауға бірінші кезекте елордамызда іріктеу жарыстары өтеді. Іріктеу турларынан сүрінбей өткен Ақжан Анадолы жерінде 2 орын алды.

Бұл – жай ғана жүлде емес, ұлттық өнеріміздің шетелде мойындалуы, төл мәдениетеміздің қанатының кеңге жайылғаны!

– Бұл жарысты кенеттен жолдасымнан естідім. Кейіннен ережесін қарап көріп бағымды сынағым келді. Жыр мен термеден қуат алып жүріп, дәстүрлі әнді тұрақты орындамай жүргеніме 3-4 жыл болған болатын. Кішкене сарғайып қалғанымды жасырмаймын. Жарысқа қатысамын деп шешкеннен кейін, білек сыбана кірісіп дайындалдым. Бала күнімнен қазақ руханиятына етене жақын қылып өсірген ата-анама ризашылығымды айтамын, – деді Ақжан Шыныбек.

Ақжан Шыныбек Бұқар жырау ауданы, Ботақара кентінде дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Зерттеу университетінің студенті. Болашақ қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.  Ол бала кезінен жыр-термені серік етіп, қазақ ән өнерінің бай мұрасын бойына сіңірген дарын.

Ералы ҒАНИ,

«QH»