Дәрігерлер сақ болуға шақырады
Жаз мезгілінде серозды менингитке шалдығу қаупі арта түседі. Осыған байланысты дәрігерлер тұрғындарды жеке бас гигиенасын сақтап, қауіпсіздік шараларына мұқият болуға шақырады.
Серозды менингит – бас және жұлын қабықтарының қабынуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Көп жағдайда оны энтеровирустар қоздырады. Мамандардың айтуынша, сырқаттың таралу кезеңі негізінен жаз айлары мен күздің басына сәйкес келеді.
Қауіп тобына ең алдымен 14 жасқа дейінгі балалар жатады. Өйткені серозды менингитке шалдыққандардың 83 пайызы – балалар. Инфекция көбіне кір қол, жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидек, сапасыз ауыз су арқылы жұғады. Сонымен қатар вирус ауа-тамшы жолымен және ашық су айдындарында шомылу кезінде де таралуы мүмкін.
Дәрігерлердің мәліметінше, биыл облыста серозды менингиттің зертханалық тұрғыдан расталған 6 жағдайы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61 пайызға төмен. Дегенмен мамандар эпидемиологиялық маусым әлі аяқталмағанын ескертіп, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға үндейді.
Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – қарапайым санитарлық-гигиеналық талаптарды орындау. Мамандар тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануға, тамақ өнімдерін мұқият жууға, қолды сабындап жиі жууға және тек ресми түрде рұқсат етілген жағажайлар мен су айдындарында ғана шомылуға кеңес береді.
Дәрігерлердің айтуынша, жоғары температура, қатты бас ауруы, құсу, мойынның сіресуі сияқты белгілер байқалған жағдайда өздігінен емделмей, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Уақытылы қойылған диагноз бен дер кезінде басталған ем асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

