Дүбірлі көкпар өтті

Қарағандыда Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай көкпардан ересектер арасында облыстық біріншілік өтті. Оған 9 бірдей команда қатысты, олар: «Қарқаралы», «Тұран елі», «Изенді», «Нұра», «Бұқар жырау», «Ақтоғай», «Балқантау», «Сарыбел» және «Шет». Күн райының қолайсыздығына қарамастан көкпаршылар үш күн бойы үздік ойын көрсетті.

Негізі, көкпар тартуға тек рухы мықты жігіттердің баратыны анық. Бұл күні ауыздығымен алысқан арғымаққа аяқ артып, 30 келі серкені тақымға қысқан ойыншылар бірінен соң бірі салым салып, жиылған жұрттың делебесін қоздырды. Қолдары әбден машықтанған, тұлпарларының да бабы келісіп тұрғаны байқалды.

– Командалардың барлығының мықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Ақ қар, көк мұзға қарамастан алаңда жігіттер жан берісіп, жан алысты. Әсіресе жанкүйерлердің қолдауы рухымызды көтеріп, жігер беріп отырды, – дейді Ақтоғайдан келген көкпаршы Амангелді Жәлел.

Осылайша алаңға шыққан ойыншылардың арасынан 4 команда ақтық сынға жолдама алды. Тартысты өткен ойын нәтижесінде «Нұра» командасы «Қарқаралы» командасынан 7:2 есебімен басым түсіп, бас жүлдені иеленді. Жеңімпаздарға 1 миллион теңге ақшалай сыйлық берілді. Сонымен қатар команданың барлық 12 ойыншысы көкпардан спорт шеберлігіне үміткер атағын алды. Ал қарқаралылықтардың еншісіне екінші орын бұйырып, команда мүшелеріне 700 мың теңге тапсырылды. «Тұран елі» командасы үшінші орынды қанағат тұтып, 500 мың теңгені қанжығаға басты.

– Жүлде қорын жанашыр азаматтар көтерді. Ұмыт бола жаздаған ұлттық ойынымыз кейінгі жылдары Арқа жерінде жақсы дамып келеді. Әр ауданнан бір-бір команда жасақталды. Жастардың қызығушылығы басым. Оны көкпар тамашалауға келген жанкүйерлердің көптігінен де байқауға болады, – дейді көкпардан облыстық құраманың бас жаттықтырушысы Айдар Құтышев.

Бұл күні ақтық сында жақсы өнер көрсетіп, ел назарына іліккен 3 команданың үздік ойыншылары марапатталды. Олар: «Нұра» командасынан Дәмір Қали мен Рүстем Болатов, «Қарқаралы» командасынан Жанай Төкенов, «Ақтоғай» командасынан Айбар Мәни мен Айбол Оспанов. Барлығы да ақшалай сыйлыққа ие болды.