COVID-19 емдейтін жан сақтау бөлімдеріне тек вакцина алмаған қарағандылықтар түсуде

Бүгінде Қарағанды облысының инфекциялық госпитальдарында 1 983 адам емделуде. Олардың 99% вакцина алмағандар. Жан сақтау бөлімінде 84 қарағандылық бар, 15 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Сонымен қатар, дәрігерлер вакцина алған адамдар да вирус жұқтыруы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ ауру жеңіл түрде өтеді. Бұл негізінен COVID-19 вакцинасының алғашқы компонентін алғаннан кейін пайда болады.

– Иммунитет қалыптасып үлгермейді, – деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев. – Екінші компонент қосылған кезде иммунитет бір айдан кейін пайда болады. Сонымен қатар, вакцина алу кезінде адамдар вирус тасымалдаушысы болуы да әбден мүмкін. Симптомсыз ағымға байланысты оларда клиникалық көріністер байқалмауы мүмкін. Бірақ вакцинацияланған адамдар коронавирусқа оңай төзеді. Бұл адамдар амбулаториялық негізде емделеді. Иммунитет агрессивті бола түскен вирусқа қарсы тұрады. Бұрын бір науқастан вирусты 2–3 адам жұқтыратын. Қазір 7 адамға дейін. Инкубациялық кезең қысқарады. Қарапайым сөзбен айтқанда, вирус тез көбейіп, тез таралады.

60 жастан асқан адамдар инфекцияға жиі ұшырайды. Бірақ соңғы апталарда жастар арасында жұқтыу көрсеткішінің өсуі байқалады. Дәрігерлер мұны вирустың жоғары концентрациясымен, сондай-ақ жаңа штаммның пайда болуымен байланыстырады.

– «Дельта» үнді штаммы клиникасын өзгертті. Қазір жастар мен балалар жиі ауыра бастады, – дейді Гамаль Тоқсамбаев. – Бұл мутацияға байланысты. Жаңа белгілер пайда болды – диарея, құсу. Энтеровирустың көріністері деп аталады. Яғни, тыныс алу мүшелері ғана емес, асқазан-ішек жолдарына да әсер етеді. Жастар вакцина алуға асықпайды және емдеуге көбіне немқұрайлы қарайды. Олар өзін-өзі емдей бастайды және ауруханаға өкпесі 40–50% зақымданған кезде ауыр халде түседі. Ауруханаларда басталған емге қарамастан, процесті бірден тоқтату мүмкін емес. Алғашқы екі күнде зақымдану 80–90% дейін жетуі мүмкін.

Дерттен аулақ болудың жалғыз ғана тәсілі – вакцинация. Ол тіпті тез мутацияланған коронавирустан қорғайды.