Чемпионатта топ жарды

Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ командасы 2023 жылғы Студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар кубогының ұлттық чемпионы атағын жеңіп алды. Қарағандылықтар «Enactus Kazakhstan National EXPO» көрмесінде Қазақстанның 50 жоғары оқу орны арасында үздік атанды.

Ұлттық чемпионат – «Enactus Kazakhstan» халықаралық бағдарламасының қорытынды алаңы. Мұнда жас стартаперлер жыл бойы жұмыс істеген әлеуметтік, экологиялық, экономикалық жобаларын қорғайды.

«Enactus Buketov University» командасы 2010 жылы құрылған. Бүгінде оның құрамында әр түрлі факультеттен 14 студент бар. Олардың кәсіби эдвайзерлері – бизнес саласында зор тәжірибесі бар сарапшылар, атап айтқанда, PhD, қауымдастырылған профессор, экономика және халықаралық бизнес кафедрасының меңгерушісі Жантай Жәнібек, сондай-ақ экономика және халықаралық бизнес кафедрасының оқытушысы, Аlumni және команданың экс-капитаны Лейла Никкель.

– Бұл – көптен күткен жеңіс. Студенттік кәсіпкерлік, стартаптар және инновациялар кубогына 13 жылдан бері қатысып келеміз. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Биыл 50 жоғары оқу орны болды. Олардың төртеуі финалға жолдама алды. Бәсекелестер өте күшті болды, олар бірнеше рет қатысып қана қоймай, жеңімпаз әрі жүлдегер атанды. Біздің команда жеңіске деген ерік-жігерін көрсетті және жоба қорғау нәтижелері бойынша чемпион атандық, – дейді Жантай Жәнібек.

Биыл ҚарУ студенттері коммерциялық бағыттағы экологиялық екі жоба ұсынды. «Өңде» жобасы – пластик пен әйнекті екінші имидждік өнімге жинау, кәдеге жарату, қайта өңдеу. «Жиһаз» стартапын әзірлей отырып, студенттер паллеттерден жиһаз жасау технологиясын игерді және басқаларды осыған үйретеді.

Екі жоба да халықтың әлеуметтік осал топтарына экологияны сақтауды және өмір сүруді үйренуге мүмкіндік береді.

Ұлттық кубоктың жеңімпазы атанған «Enactus Buketov University» командасы Утрехт қаласында (Нидерланды) өткен Enactus World Cup – 2023 әлемдік кубогында Қазақстан атынан қатысады. Жарыс бес құрлықтың 34 елінен іріктелген командалар арасында өтеді.