«Бюрократиядан арылу – ауқымды өзгерістердің жүйелі жалғасы»

2022 жылғы 14 сәуірде Мемлекет басшысы «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Президентіміздің бұл ісін бюрократия және сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресуге бағытталған зор саяси ерік-жігерінің көрінісі деп білемін.

Себебі мемлекеттік қызметтің ең үлкен кемшілігі – бюрократия, қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жайбасарлық, ал бұл факторлардың мемлекет қолға алған бастамалардың жүзеге асуына тұсау болатыны жасырын емес.

Осы орайда жоғарыда аталған Жарлық қызмет қолданушылар үшін сервис сапасын жақсартуға алып келеді. Іс-шараны тиімді жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар арасында жыл сайын бюрократия мəселесіне қатысты онлайн сауалнама жүргізілу көзделіп отырғаны да қуантарлық. Бұл – сөз жоқ, бюрократиялық тетіктердің жасырын түрлерін анықтауға мүмкіндік беретін тиімді шара.

Бұл – барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жұмылдырылған талпынысын талап ететін Президенттің тікелей бақылауындағы жұмыс.

Бұл қадам жаңашыл Қазақстанның бір бөлігі іспеттес. Біз бюрократиядан мейлінше арылғанда ғана мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы маңызы артады. Қазіргі таңда мемлекеттік органдарда бюрократиядан арылу мәселесі бойынша жұмыстар қарқынды атқарылып жатыр.

Атап айтқанда, агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті «өтініштерді қарау» бағыты бойынша мониторинг және жыл соңына дейін білім, денсаулық, халықты әлеуметтік қоғау салалары бойынша талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жалпы ала келгенде, мақсатты атқарылатын жұмыс легі көп. Өзгерістер ауқымды. Қазір – тез қимылдап, жедел әрекет ететін уақыт. Сондықтан қалыпты жұмыстарды қалыс қалдырмай, жаңашылдықты да мейлінше тез қолданысқа енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Жаңашыл Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануы тиіс. Бұл – мемлекетіміздің алға қарай қарыштап қадам басуына және азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің жоғарылауына әкелетіні белгілі.

Ербол Жолданғар,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің

Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп кеңесінің төрағасы