ҰБТ-да жаңа тыйым бекітілуі мүмкін
Келесі жылдан бастап түлектер ҰБТ-ға қалам алып кірмеуі мүмкін. Тест тапсырушыларға қалам аудиторияда берілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлім етті.
Бұған дейін биылғы ҰБТ-да 402 талапкер тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ тестілеу кезінде ережені бұзған 312 адам аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылды.
– Біз денсаулығында кінәраты бар балаларға дәрумен мен дәріні ала кіруге рұқсат етеміз. Бізде бір оқушы дәруменнің бетіне формулалар жазып қойған, арнайы қаламдар да болған. Сол себепті біз келесі жылы ҰБТ кезінде қаламдарды да аудиторияда беру жөнінде шешім қабылдамақ ойдамыз. Биыл оқушыларға қалам алып кіруге рұқсат бердік. Бірақ қаламға шпаргалка жасырған фактілер кездесті, сол себепті біз мұның бәрін ескеріп, арнайы шешім қабылдаймыз, – деді Р.Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қымбат БАҚЫТКЕЛДІ,
«QH»