ҰБТ-ға дайындық

Аз қамтылған отбасынан шыққан Қарағандылық 50 оқушы оқу орталығында ұлтық бірыңғай тестілеуге тегін дайындалады.

«Qaiyrymdy ūrpaq» акциясы аясында 11-сынып оқушылары тек негізгі пәндер бойынша ғана емес, таңдау пәндері бойынша да тегін дайындалуға мүмкіндік алады. Аталмыш акцияға жұмсалатын 2 миллион теңгеге жуық қаражатты «Самғау» академиясы беріп отыр.

— «Самғау» жобасы, негізінен, ауылдық жерлерден және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға бағытталған. Яғни жоғары оқу орындарына түскісі келетін, бірақ қаржылай мүмкіндігі жоқ балаларға көмек көрсеткіміз келеді. Оның үстіне, ауыл балалары мен қала оқушыларына жасалған жағдай мен мүмкіндіктерді салыстыруға да келмейді. Әдетте ауыл балаларын ҰБТ-ға дайындайтын мектептен басқа орталықтар жоқ. Екінші жыл қатарынан балаларды тікелей эфир форматында оқытып келеміз. Бізде студия да, тренингтер өткізуге арналған алаң да бар. Орталықта балаларға барлық жағдай жасалған. Биыл облыс бойынша 50 оқушыны тегін дайындаймыз. Өткен жылы да 50 оқушыны оқытып, 21-і грантқа түсті. Бұл — әзірге пилоттық жоба, — дейді «Самғау» академиясының негізін қалаушы Ардақ Жакин.

Еске сала кетейік, 1 наурыздан бастап Қарағанды облысында «Qaiyrymdy ūrpaq» акциясы іске қосылды. Оның мақсатты аудиториясы — аз қамтылған, толық емес және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні акция аясында жалпы сомасы 3 328 700 теңгеге көмек көрсетілген.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, «QH»