ҰБТ 2 рет тапсырылады

2023 жылы қазақстандық оқушылар ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Осылайша талапкерлерге білім беру гранттарын тағайындау конкурсына екі сертификаттың үздігін ұсынуға болады.

Егер ҰБТ-ны ақылы негізде тапсырудың тағы үш әрекетін ескеретін болсақ, онда 2023 жылғы талапкер тестілеуді бес рет тапсыра алады. Министрлік негізгі емтиханның барлық жаңалығын оқу жылының басында, яғни қыркүйекте жариялау туралы шешім қабылдады.

Жалпы тестілеу форматына ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Пәндер саны да өзгеріссіз қалады. Алайда «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгеріс енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы болады: бір дұрыс жауапты таңдаумен 10 тапсырма және контекст негізінде 10 тапсырма. Сондай-ақ бұрын талапкерлер «Оқу сауаттылығы» бойынша 20 сұраққа жауап берсе, енді 3 мәтін бойынша 15 тест тапсырмасы беріледі.

Осылайша Қазақстан тарихы бойынша – 20, оқу сауаттылығы бойынша – 15, математикалық сауаттылық бойынша – 15 және екі бейінді пән бойынша 35 тапсырма беріледі. Ең жоғарғы ұпай саны – 140. Тестілеудің жалпы уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Айта кетсек, 2022-2023 оқу жылынан бастап ҰБТ бейіндік пәндер комбинацияларының тізбесіне «Информатика» пәні енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсушілер ҰБТ-ны «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

Министрлік ақпаратынша, қабылданған шешімнің арқасында талапкерлер өз білімдерін жан-жақты көрсете алады. Ал ҰБТ-ға дайындалу үшін тегін онлайн тестілеу қолжетімді болып қала береді, сондай-ақ жақын арада тегін онлайн сабақтар да басталады. Биыл шекті балдар өзгеріссіз қалады. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы қатаң сақталады. Компьютерлік экрандарда калькулятор, периодтық кесте және тұздардың ерігіштігі қолжетімді болады.

Ақзия Оразалиева