Ботулизм – өте ауыр дерт

Ботулизм – жұқпалы аурулар арасында өте сирек кездесетін, бірақ өте ауыр жұқпалы ауру. Ботулизммен аурудың басым көпшілігі тұрмыстық жағдайда дайындалатын тағам өнімдерін (маринадталған саңырауқұлақ, көкөніс консервілері, балық өнімдері және т.б.) тұтынуымен байланысты.

Ботулизм – (латын тілінде – botulus – шұжық) – жалпы ағзаның улануына алып келетін жұқпалы аурудың ауыр түрі. Ботулизм қоздырғышы – Clostridium botulinum. Аурудың қоздырғышын 1896 жылы Голландия ғалымы Э.Ван Эрменгем зерттеп ашқан.

Ботулизмнің 3 түрі бар:

  1. Тағамдық ботулизм;
  2. Жарақаттық ботулизм;
  3. Нәрестенің ботулизмі.

Соның ішінде ең жиі кездесетін түрі – тағамдық ботулизм.

Адам ағзасына ену жолдары алиментарлы, токсин дамыған тағам өнімдері арқылы (үй жағдайында консервіленген ет, көкөніс, саңырауқұлақ, үйде тұздалған, қақталған ет, тұздалған және қақталған балық) жұғады.

Жарақаттық ботулизм түрлі жарақаттанған тері арқылы жұғуы мүмкін. Топырақпен бірге енген споралар шартты анаэробты жағдай туындағанда вегетативті түрге ауысып, олар токсин түзеді.

Нәрестелердің ботулизмі ана сүті арқылы баланың асқазан-ішек жолдарына қоздырғыштың споралары енген кезде дамуы мүмкін. Нәрестенің асқазан-ішек жолдарының микрофлорасының ерекшелігіне байланысты споралар вегетативті түрге ауысып, олар токсин түзеді.

Клиникалық белгілері: Ауру белгісінің жасырын кезеңі 2-12 сағаттан 7 күнге дейін созылады, жиі 18-24 сағат. Алғашқы кезеңде аурудың ағымы 3 клиникалық нұсқада дамиды: паралитикалық, гастроинтестиналды және жалпы интоксикациялық.

Интоксикация симптомдары: бастың ауруы, айналуы, бұлшық ет әлсіздігі, тез шаршау, ұйқысыздық.

Гастроинтестиналды синдромның белгілері: жүрек айну, қайта құсу, іш өту, кекіру, іш кебу, эпигастралды аймағының ауырсынуы, дене температурасы қалыпты немесе субфебрилды болады.

Паралитикалық синдром: көз қарашығы ұлғайып, зат қосарланып көрінеді. Адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айырылады (афония).

Емі. Ботулизммен ауырған науқастарды жұқпалы аурулар орталығының клиникасына міндетті түрде жатқызу керек. Емдеу кезінде арнайы және арнайы емес дезинтоксикация арқылы емдейді. Барлық науқастың асқазанын жуып-шаю және ішек жолдарын клизма арқылы тазалау керек.

Дезинтоксикация кезінде энтеросорбенттер (карболен, энтеродез, энтерол, смекта), венаішілік кристаллоидты (трисоль, квартасоль, хлосол, 5% глюкоза) ерітінділер пайдаланылады.

Қандағы ботулотоксинді нейтрализациялау үшін емдік моновалентті ботулизмге қарсы сарысулар қолданылады. Сарысу құрамында А, В, С, Е және F типті антитоксиндер бар. Ботулизмге қарсы сарысу емдік және профилактикалық мақсатта қолданылады.

Алдын алу шаралары. Ботулизм ауруының алдын алу мақсатында базар, сауда орындары белгіленбеген сауда орындарынан, үй-тұрмыстық жағдайында дайындалған тағам өнімдерін (маринадталған саңырауқұлақ, көкөніс консервілері, балық өнімдері) сатып алуға болмайды. Консервіленген салаттарды пайдалану кезінде шығарылған күнін, сақтау мерзімін мұқият түрде қарап сатып алыңыз. Консервілік банкалардың қақпақтары көтеріліп тұрса (бомбаж), тамаққа қолдануға болмайды. Жеміс-жидек, көкөністерді консервілеу кезінде оларды ағынды сумен жақсылап жуып тазалау керек және дайындау кезінде мұқият болу қажет.

Қасымбекова Б.К.,

Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы