Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі

Қарағандыда Халықты жұмыспен қамту орталығы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетімен бірлесіп бос жұмыс орындары мен бос қызмет орындарының жәрмеңкесін өткізді.

Жәрмеңкенің мақсаты — жұмыс беруші мен студент арасында тікелей байланыс орнатып, қаладағы оқу орындарының түлектеріне алғашқы жұмыс орнын табуға қол ұшын созу.

Іс-шараға Ж.К.Бөкенов атындағы Қарағанды банк колледжі, Қарағанды жоғары «Болашақ» колледжі, Көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледж, Қарағанды Қазтұтынуодағы университетінің бітіруші түлектері шақырылды.

Білікті мамандар қажет ететін отыздан астам ұйым мен компания өкілдері кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде жастарға «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Қоғамдық жұмыстар», «Мемлекеттік грант» бағыттары жөнінде кеңес берді.

” Сондай-ақ Қарағанды қаласы əкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға өтінім қабылдау жұмысын бастады. Биыл аталмыш бағдарлама бойынша 34 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

Жобада бір жылдан астам уақыт жұмыс істейтін, жалақысы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және үнемі салық және басқа да әлеуметтік төлемдер жасайтын барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қамтылады.

— Кәсіпкерлікті дамытудың 2021- 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында зейнеткерлік жасқа жеткен, жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып жұмысқа орналастыру үшін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы іске асырылуда. Жұмыс беруші жұмыссыздардың жалақысын субсидиялай отырып, оларды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орнын құрады. Жұмыс уақытша сипатта болады, жоба бойынша қатысу мерзімі 6 айдан аспайды. «Ұрпақтар келісімшарты» 29 жастан аспаған, оқуын 2 жыл бұрын аяқтаған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектеріне арналған, — деп мәлімдеді орталық өкілдері.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға зейнетке 6 айдан аз уақыт қалған тәлімгер бекітіледі, бұл ретте жобаның өту кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. «Ұрпақтар келісімшарты» аяқталғаннан кейін, қатысушы өз тәлімгерінің орнына жұмысқа орналасады.

” Жобаға қатысушылар үшін айына субсидия мөлшері кемінде 30 АЕК-ті құрайды. Орындалатын жұмыстың көлемі мен күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақы белгілейді.

Жұмыс беруші электронды еңбек биржасындағы «жеке кабинет» арқылы Жұмыспен қамту орталығына 1 қарашаға дейін кезекті қаржы жылына әлеуметтік жұмыс орындарын құруға электронды өтінім береді.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»