Болашақ – білімді жастардың қолында

Қарағандыдағы Ленин кинотеатры жастарды біріктіретін маңызды орталыққа айналмақ. Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, кинотеатр ғимаратында Жастар үйі ашылады. Бұл бастама Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында жарияланды. Жастар үйі – жастардың шығармашылық, мәдени және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған арнайы алаң. Жаңа орталық жастарға түрлі шара ұйымдастыру, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылмақ. Сонымен қатар, бұл орталық жастардың кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, оларды өздерінің әлеуетін толық жүзеге асыруға ынталандыратын болады.

Жастар кеңесінің биылғы алғашқы отырысында мемлекеттік саясатты іске асыру жолдары талқыланды. Өте маңызды отырыста шығармашылық ортаны дамыту мәселелері ерекше назарға алынды. Ал жаңа жобалардың жас буындардың жан-жақты дамуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

– Бағдарламада жастармен бұрын іске қосылмаған жобаларды күшейтуге және іске асыруға баса назар аударылатын болады. Ол үшін білім беру мекемелерін, билік органдарын, бизнес-қоғамдастықты және әрине, жастардың өзін қоса алғанда, түрлі мүдделі тарап арасында тиімді коммуникация орнату қажет. Жастардың өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуі және оның дамуына белсене қатысуға дайын болуы үшін сенім, ашықтық және өзара құрмет атмосферасын құру маңызды. «Талдау мектебі. QRG» жобасы жастар арасында талдау дағдылары мен сын тұрғысынан ойлауды дамытуға бағытталған. Ал «Ұлт қазынасы» жобасы талантты ауыл жастары үшін жаңа тиімді әлеуметтік жоба болады. Сондай-ақ, жас сарапшылар үшін Elim deitin erler пікірталас алаңын құру және Saryarqa Jastary брендін танымал етуге ерекше екпін беріледі, – деді өз сөзінде Қарағанды облыстық  жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.

Жастар – жарқын болашақтың негізін қалаушы. Сондықтан жас буынның мәселесіне жаңа, тың көзқарас қалыптастыру маңызды. Осыған орай, келелі кеңесте облыс әкімі жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Ол жас ұрпақтың әлеуетін ашып, олардың білім алу, кәсіби даму, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыру үшін жағдай жасау маңызды екенін мәлімдеді. Жастарға бағытталған осындай кешенді шаралар болашақта аймақтың дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

– Еліміздің болашағы жастардың қолында. Жақында Астанада өткен Жастар форумында Мемлекет басшысы еліміздің болашағы ақылы өткір, білімі терең және заманауи көзқарасы бар жастардың қолында екенін баса айтқан болатын. Ал мемлекеттік саясат жаңа дәуірдің адамдарына бейімделуі тиіс. Ол үшін бізге мобильді, білімді және шығармашыл жастармен жұмыс істеу әдістерін өзгерту керек, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Жастар шығармашылығын дамыту үшін осы жылы жаңа кеңістік пайда болады. Креативті индустрия дамыған елдерде экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналуда. Бұл туралы «STARTKINO» ҚБ төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Арман Әлімжанов баяндады.

– Креативті индустрия – әлемдік экономиканың қарқынды дамып келе жатқан саласы, ол қосымша құн мен жаңа жұмыс орындарын құрады. Біздің облыстың да осы тұрғыдан белгілі бір әлеуеті бар. Бізде дарынды және әлеуетті жастар көп, – деді өңір басшысы. Біздің міндетіміз – оларға өз идеяларын дамыту және іске асыру үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасау, – деп атап өтті Арман Әлімжанов.

Оның баяндамасынан кейін облыс әкімі жауаптыларға «Сарыжайлау» кинотеатрының базасында Креативті кеңістікті дамыту жөніндегі ресурстық орталық құруды тапсырды. Өткен жылы өңірімізде «Жасыл ел» қозғалысын қамту бойынша бірінші орынға шықты. Осы жоба аясында аймақты көгалдандырумен айналысып қана қоймай, жұмысшы мамандықтарын да үйрету қажет. NEET санатындағы жастарға назар аудару керек деді, аймақ басшысы. Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс жоспарларын жүйелеп, қалалар мен аудандарда комьюнити-орталықтар ашуды тапсырды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»