«Болашақ басшы» кадрлық резерв даярлау курсы аяқталды

Қарағанды қаласында білім беру саласындағы болашақ көшбасшыларды даярлауға бағытталған «Болашақ басшы» кадрлық резерв курсы өз мәресіне жетті. Бағдарлама өңірлік білім беру ұйымдарына жаңа басқару мәдениетін енгізуді және заманауи талаптарға сай басшылар даярлауды мақсат етті.

Жоба аясында қатысушылар теориялық және тәжірибелік сабақтардан өтіп, көшбасшылық, стратегиялық жоспарлау және тиімді басқару бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді. Сонымен қатар олар нақты кейстермен жұмыс істеп, қаржылық сауаттылық, антикризистік менеджмент және құқықтық нормалар бойынша тәжірибе жинақтады. Бірнеше айға созылған оқу барысында тыңдаушылармен облыстың тәжірибелі тренерлері мен әдіскерлері жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Бағдарлама қатысушылардың басқарушылық қабілеттерін дамытуға, шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге және кәсіби әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Курстың қорытынды кезеңінде түлектерге арнайы сертификаттар табысталды. Салтанатты шара оқу нәтижелерін қорытындылап қана қоймай, тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және білім беру саласының даму перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК цифрландыру және жасанды интеллект бөлімінің басшысы Жансая Сартаева өз сөзінде бұл бағдарламаның өңірдегі білім беру ұйымдары үшін білікті әрі заманауи басқарушылар даярлаудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, курс қатысушыларға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашып, білім беру жүйесін дамытуға серпін береді.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»