Болашаққа бастар жол: Қарағандыда оқушыларға арналған мамандықтар фестивалі өтті
Қарағандыда жасөспірімдердің болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағытталған ерекше фестиваль өтті. Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің базасында ұйымдастырылған «ProfiLand School Edition» кәсіптік бағдар беру шарасы «Аш. Көр. Таңда» ұранымен өтті. Фестиваль аясында мектеп оқушылары түрлі мамандықтардың қыр-сырын меңгеріп, өз қабілеттерін тәжірибе жүзінде сынап көрді.
Шараға Қарағанды және Саран қалаларындағы мамандандырылған мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысты. Бір күнге колледж аумағы «Мамандықтар қаласына» айналып, оқушылар үшін интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары мен квест ойындары ұйымдастырылды.
Мамандардың айтуынша, мұндай фестивальдердің маңызы зор. Себебі бүгінгі оқушы ертеңгі еңбек нарығының қатысушысы. Ал болашақ мамандықты дұрыс таңдау – тек білім алу емес, кейін тұрақты жұмысқа орналасудың, қоғамда өз орнын табудың алғашқы қадамы. Әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер үшін мұндай қолдау олардың мамандыққа деген сенімін арттырып, болашаққа нақты жоспар құруына мүмкіндік береді.
Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Құралай Әбенова фестивальдің басты мақсаты – әр балаға өз мүмкіндігін ашуға жағдай жасау екенін атап өтті.
– Бүгін біздің колледжде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін жыл сайын ұйымдастырылатын өте қызықты әрі ауқымды шара өтіп жатыр. Әр баланың өз қабілетіне қарай мамандық таңдауға құқығы бар. Сондықтан біз балалар үшін қолдау мен сенім атмосферасын қалыптастырғымыз келеді. Осындай кездесулер арқылы оқушылар түрлі мамандықпен танысып қана қоймай, өздерін болашақ студент ретінде сезінеді. Бүгінгі шарадан кейін кейбір балалар өз болашағын нақты айқындап, колледжге түсуге шешім қабылдайды деп сенеміз. Қазіргі еңбек нарығында тәжірибелік дағдысы бар мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан ерте кәсіптік бағдар беру – жастардың болашақта жұмысқа орналасуына ықпал ететін маңызды қадам, – дейді колледж директоры.
Фестивальдің ең қызықты бөлігі «Профи қаласы» атты квест болды. Қатысушылар арнайы маршруттық парақ арқылы түрлі станциядан өтіп, әр мамандықтың ерекшелігімен танысты. «Аспазшы-профи» алаңында шағын пицца мен сэндвич дайындаса, «Кондитер PRO» бөлімінде капкейктерді безендірді. Ал «Бариста-класс» аймағында латте-арт жасауды үйренді. Сонымен қатар дастарқан әзірлеу, тағам ұсыну әдебі, қамырмен жұмыс жасау секілді практикалық тапсырмалар орындалды.
Саран қаласындағы №9 арнайы мектеп-интернатының оқушысы Нәзік Серікова бұл шара өзіне ерекше әсер қалдырғанын айтты.
– Біз бүгін тамақтандыру колледжіне келдік. Маған тамақ әзірлеген өте ұнайды. Бүгін әртүрлі тағамдар дайындап көру мен үшін қызықты болды. Көп нәрсе үйрендік, өзімізді нағыз аспаз секілді сезіндік. Мектепте де бізге еңбекке баулу сабақтарында түрлі тағам жасауды үйретеді, сондықтан бұл салаға қызығушылығым бар. Осындай шаралар біз үшін өте маңызды. Себебі болашақта қандай мамандық таңдайтынымызды түсінуге көмектеседі. Мұнда келіп, колледждегі атмосфераны көргеннен кейін осы бағытта оқығым келетінін анық түсіндім, – дейді оқушы.
Педагогтердің айтуынша, мұндай тәжірибелік кездесулер балалардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне де ықпал етеді. Саран қаласының №9 арнайы мектеп-интернатының еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Светлана Вдовицкая колледждермен бірлескен жұмыс нәтижесін беріп жатқанын айтады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, дәл осындай кәсіптік бағдар беру жобалары жастардың еңбек нарығына ерте бейімделуіне, өз қабілетін дұрыс бағалауына және болашақта тұрақты жұмыс табуына үлкен мүмкіндік береді. Шара соңында барлық қатысушыға арнайы сертификаттар табысталды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

