БОКСШЫЛАР ОЛИМПИАДАҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Бокстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарына толық құрамда барады. Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қазақстан ерлер құрамасы соңғы жолдамасын алды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, 63,5 келі салмақта сынға түскен Мұхамедсабыр Базарбайұлы шешуші жекпе-жекте молдовалық Александр Парасчивті 5:0 есебімен жеңді. Енді Мырзағали Айтжанов шәкірттері Олимпиадаға толық құрамда барады.

Мұхамедсабыр іріктеу турнирінде филиппиндік Кристиан Питт Лорент, түркиялық Мизан Айкол, италиялық Джанлуиджи Маланганы жеңіп, ширек финалда кубалық Эрисланди Альвареске 2:3 есебімен есе жіберді.

Аталған салмақта Олимпиаданың бес жолдамасы беріледі. Төртеуіне жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері ие болса, бір жолдамаға ширек финалда сүрінген боксшылар таласатын еді. Қазақстандық боксшы бұл жолы алдымен колумбиялық Хосе Мануэль Вифараны, одан кейін молдовалық Александр Парасчивті жеңді. Осылайша ол Олимпиада жолдамасын алды.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»